Оқушылар сабақта телефонды қашан пайдалана алады: жаңа ереже бекітілді
Ел мектептерінде оқушылардың ұялы телефон пайдалану тәртібі бекітілді. Жаңа ереже бойынша сабақ кезінде телефон қолдануға тек бірнеше жағдайда рұқсат беріледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сабақта телефон қолдануға бола ма?
Жаңа талап меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық орта білім беру ұйымдарына қолданылады.
Қағида бойынша оқушы сабақ басталғанға дейін телефонын дыбыссыз режимге ауыстырып, діріл мен дыбыстық сигналдарды өшіруге немесе құрылғыны толық сөндіруге тиіс.
Ал сабақ үстінде телефонды пайдалануға болмайды. Дегенмен мына жағдайларда рұқсат етілген:
- мұғалімнің нұсқауы бойынша оқу тапсырмасын орындау үшін;
- оқушының немесе өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда;
- оқушының денсаулық жағдайына байланысты телефон пайдалану қажет болғанда.
Егер телефон оқу тапсырмасына қажет болса, оны қашан және қанша уақыт қолдануға болатынын мұғалім белгілейді. Тапсырма аяқталғаннан кейін педагогтің нұсқауы бойынша оқушы телефонды пайдалануды тоқтатуға тиіс.
Фотоға түсіру, аудио немесе видео жазу функцияларын да өз бетінше пайдалануға болмайды. Оған мұғалімнің нұсқауымен жеке өмірді қорғау талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі.
Мектеп телефондарды қайда сақтайды
Мүмкіндігі бар мектептер оқушылардың телефондарын орналастыру үшін арнайы жабдықталған орын белгілей алады. Құрылғыларды сақтау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі мектептің ішкі ережесінде жазылады.
Сондай-ақ әр мектеп сабақ кезінде ата-ана мен бала арасында шұғыл ақпарат алмасудың тәртібін белгілеуге тиіс. Осы мақсатта пайдаланылатын мектептің телефон нөмірі де ата-аналарға хабарланады.
Білім беру ұйымдары оқушылар мен ата-аналарды жаңа талаптармен, мектептің ішкі тәртіп қағидаларымен және шұғыл жағдайда хабарласуға болатын телефон нөмірімен таныстыруға міндетті.
Жаңа бұйрық 2026 жылғы 9 қазанда күшіне енеді.