Оқушылар енді «Конституция негіздері» пәнін оқиды
Жаңа оқу жылынан бастап ел мектептерінде бірнеше жаңа міндетті пән оқытылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрдің айтуынша, 5-7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі.
«Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары жаңа Конституцияның нормаларына сәйкес толық қайта қаралуда. Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті курстармен толықтырылады. 5–7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8–11-сыныптарда «Заң мен тәртіп» міндетті курсы оқытылады. Сонымен бірге 5–11-сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті курсы енгізіледі», – деді Сүлейменова.
Министрдің сөзінше, тағы бір жаңалық – келесі оқу жылынан бастап 8–9-сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайта оқытыла бастайды. Ал бұған дейін таңдау пәні болған «Құқық негіздері» енді барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналып, мазмұны жаңа Конституция қағидаттарына сәйкес жаңартылады.