Білім

Оқушы не жеуі керек – министрлік ата-аналарға кеңес берді

Мектеп жасындағы баланың дұрыс әрі теңгерімді тамақтануы оның бойындағы қуатты сақтап қана қоймай, сабаққа зейін қоюы мен күн бойғы белсенділігіне де әсер етеді. Денсаулық сақтау министрлігі оқушылардың күнделікті ас мәзірінде қандай тағамдар болуы керегін түсіндірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ас мәзірінде не болуы керек

Министрлік мектеп жасын баланың ағзасы белсенді өсіп, дамитын маңызды кезең деп атап отыр. Сондықтан бұл уақытта толыққанды әрі теңгерімді тамақтануға ерекше мән берген жөн.

Мамандар оқушының күнделікті ас мәзіріне көкөніс пен жеміс-жидекті көбірек қосуды ұсынады. Сондай-ақ сүт және қышқыл сүт өнімдері, ақуызға бай ет, балық, жұмыртқа мен бұршақ тұқымдастар тұрақты тұтынылуы керек.

Бұған қоса, тұтас дәнді өнімдерге басымдық беріп, баланың жеткілікті мөлшерде су ішуін қадағалау маңызды.

Қандай өнімдерді шектеу керек

Ал құрамында қант, тұз және қаныққан май мөлшері жоғары өнімдерді шектеген дұрыс. Денсаулық сақтау министрлігі тәтті газдалған сусындарды және жоғары деңгейде өңделген өнімдерден жасалған тіскебасарларды жиі тұтынбауға кеңес береді.

Баланың қалай тамақтанатыны маңызды

Мамандардың айтуынша, дұрыс тамақтану тек өнім таңдаумен шектелмейді. Баланың белгілі бір уақытта тұрақты тамақтануы, дастарқан басындағы жайлы әрі тыныш ахуал және ата-ананың жеке үлгісі оның бойында пайдалы әдеттердің қалыптасуына ықпал етеді.

Сондықтан баланың дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруда отбасының рөлі маңызды.

Back to top button