«Оқушы мектепке діни сипаттағы формамен барса не болады» – Вице-министр жауабы
Тілші сұрағына Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова жауап берді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Оқу-ағарту бірінші вице-министрі мектеп формасына қатысты талаптарға тоқталып өтті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тамыз айының басында министрлік мектеп формасына қатысты талаптарды жариялаған болатын. Ол жерде мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны туралы жазылған. Тілшінің «Егер оқушы мектепке діни киіммен келсе мектеп қандай әрекетке барады?» деген сұрағына Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова жауап берді.
«Оқу-ағарту министрлігінің оқушы міндетті түрде мектеп формасына қатысты талаптары бар. Бұл №26 бұйрық. Аталған бұйрықта барлық талап анық жазылған, яғни білім беру ұйымдарының қабырғасында діни сипаттағы бас киіммен жүруге болмайды. Талап орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған», – дейді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілер түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Ата-аналар мектептің жарғысымен таныс болуы керек, сондай-ақ мектеп пен ата-аналар мектеп формасы сақталуы керектігі туралы келісімшартқа қол кою керек. Егер оқушы талапты бұзатын болса оның ата-анасы немесе заңды өкілдері жауапқа тартылады», – дейді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова.
Еске салсақ, бұған дейін 2026-2027 оқу жылы қарсаңында 450 мыңға жуық бала мектепке дайындалуға көмек алатыны туралы жаздық.
Министрлік мәліметінше, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында әлеуметтік осал санаттағы балаларға мектеп формасын, аяқ киім мен мектеп құралдарын сатып алуға көмек көрсетіледі.
Жаңа оқу жылы қарсаңында бұл көмекпен 450 мыңға жуық бала қамтылмақ. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген.