TOP-1Білім

«Өнер-білім бар жұрттар»: Қазақстан оқушылары әлемді қалай таңғалдырып жатыр

Қазақстандық оқушылар әлемнің ең мықты жас зияткерлерімен тең дәрежеде бәсекелесе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ірі халықаралық пәндік олимпиадалардың қорытындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы 24 медаль жеңіп алып, қазақстандық білім беру жүйесінің жоғары деңгейін және жас ұрпақтың зор әлеуетін көрсетті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қазақтың ағартушы-педагогы Ыбырай Алтынсарин 150 жыл бұрын «Өнер-білім бар жұрттар» қалай болатынын сипаттаса, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев бір ғасырдан астам уақыт бұрын «Мен жастарға сенемін» деп үміт артып кеткен жас ұрпақ қазақ елінің көк байрағын желбіретіп, халықаралық додаларда оқ бойы озып, бұрын соңды болмаған жетістіктерге жетіп жатыр.

Жеңісті шілде: Қазақстандық оқушылар 24 медаль жеңіп алды

Бір ғана шілде айында қазақстандық оқушылар әлемнің ең ірі халықаралық олимпиадаларында 24 мүмкіндіктің 24 медалін жеңіп алды, яғни жарысқа қатысқан әрбір оқушы елге медальмен оралды.

Қазақстан әлемдегі ең беделді Халықаралық математика олимпиадасында (IMO) ең үздік 25 елдің қатарына енді!

Ал Колумбияда өткен физикадан әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиада – International Physics Olympiad (IPhO) додасында біздің оқушылар нағыз тарихи жетістікке қол жеткізді – 5 қатысушының бәрі алтын медаль иеленді. Мұндай жетістік ешқандай пәннен, ешқашан болмаған. Қазақстандық оқушылар Қытай, АҚШ секілді мемлекеттерді артқы тастап, оза шапты. Аталған олимпиадаға әлемнің 85 елінен 381 дарынды оқушы қатысқан. 1967 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан халықаралық олимпиадаға Қазақстиан 1997 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

Сондай-ақ, химия және экономика пәндері бойынша ұлттық құрамаларымыз да әлемнің үздік ондығына кірді.

Жеңістің артында – жүйелі мемлекеттік қолдау

Фото: Ашық дереккөз

Ең маңыздысы – бұл жетістіктер енді кездейсоқ емес. Жыл сайын қазақстандық құрамалар халықаралық білім бәйгелерінде тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Ал жекелеген оқушылар ең үздік қатысушы, абсолютті жеңімпаз атанып жүр. Бұл елімізде дарынды балаларды қолдау мен білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың жемісі.

«2019 жылдан бастап мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласында іргелі реформаларды жүзеге асырып келеді. Оның ішінде дарынды балаларды қолдауға байланысты мемлекетімізде жүйелі қолдау шаралары жүзеге асып жатыр. Халықаралық олимпиалда жеңімпаздары 2-5 миллион теңге аралығында сыйақы алады. Бұл бұрын соңды болмаған қолдау. Осындай олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздарға да қолдау сыйақысы қарастырылған. Биылдан бастап осындай халықаралық жарысқа қатысқан оқушыларға да, олардың ұстаздарына да сыйақы беріледі. Биыл тарихта алғаш рет физикадан ең танымал халықаралық олимпиадада 5 оқушымыз қатысып, бесеуі де алтын медаль иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті. Бұл мемлекетіміздегі дарынды балаларды қолдауға арналған жүйелі жұмысының нәтижесі», – дейді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Физикадан халықаралық олимпиадада жеңімпаз болған тұңғыш қазақ қызы

Фото: Ашық дереккөзКолумбияда өткен халықаралық олимпиада жеңімпаздарының бірі Нұргүл Есенбергенова өзінің әсерімен бөлісті.

«Олимпиада өзгеше деңгейде өтті. Бұл олимпиада биыл 56-шы рет өткізіліп жатыр. Әртүрлі мемлекеттен келген 400-ге жуық жарынды балалардың арасында оза шауып, Қазақстанның көк туын көтеру маған үлкен мәртебе. Тіпті денем түршігіп кетті. Олимпиаданың жабылу салтанатына дейін өзім алтын алатынымды білдім, бірақ Қазақстанның атынан барған барлық оқушы алтын медаль алғанын білгенде тіптен қуанып кеттім», – дейді аталған халықаралық олимпиадада жеңімпаз болған тұғыш қазақ қызы Нұргүл Егенбергенова.

Ол база кезінен математика пәніне қызыққан екен. 7 сыныпта жаратылыстану пәндері қосылған кезде физика пәніне қызығушылығы оянған.

«Физика пәні математикаға ұқсайды, бірақ оның өмірге байланысы көп екенін түсініп, осы пәннен олимпиадаға қатыса бастадым. 7 сыныптан бері әртүрлі деңгейдегі олимпиадаларға физика пәні бойынша қатыстым. Бұл олимпиадаға қатыспас бұрын наурызда республикалық олимпиадада жеңімпаз болып, ары қарай халықаралық олимпиадаға өттім. Бұл жүлде мен үшін – соңғы 4 жылдағы еңбегімнің жемісі», – дейді ол.

«Дарынды бала ата-ананың қолдауымен қалыптасады»

Бүгінде әлем қарқынды өзгеріп жатыр. Мемлекеттердің басты байлығы табиғи ресурстар емес, білімді, білікті, өнерлі әрі жаңашыл азаматтар болып отыр, сондықтан халықаралық олимпиадалардағы жеңістер тек білім саласының жетістігі ғана емес, Қазақстанның ғылымы, өнері, экономикасы және технологиялық дамуы үшін де аса маңызды.

Қазақстанның болашағы бүгіннің өзінде мектеп партасында, ғылыми зертханаларда және халықаралық олимпиадалар алаңында қалыптасып жатыр. Егер осындай жетістіктер тұрақты дәстүрге айналса, дәл осы бүгінгі оқушылар алдағы онжылдықтарда еліміздің ғылымын, экономикасын және дамуын айқындайтын буын болмақ.

Фото: Психологтың жеке мұрағатынан

«Оқушылардың осындай жетістікке жетуі – ата-аналардың психологиялық сауаты артқаны деп ойлаймын. Осыдан 20-30 жыл бұрын баласына «Тыныш отыр!», «Сындырма, бұзба, бүлдірме!» дейтін ата-ана көп болған. Ал қазір психологиялық сауатты ата-аналар Абай атамыз айтқандай баласының «Көрсем, білсем, ұстап көрсем, дәмін татып көрсем» деген әлденені зерттеуге деген қызығушылығын басып тастамайды. Керісінше қолдайды, әлдебір ойыншығын бұзып, шағып, ішін зерттеп көруге рұқсат етеді. Ғылымға, білімге, өнерге деген осындай еркіндіктен басталады. «Көрсем, білсем» дегенге қатысты қанаты қиылмаған бала міндетті түрде өнерлі, білімді, дарынды болып өседі. Осындай өнерлі, білімді балалар туралы контент көп болуы керек. бала нені көріп өседі – соған еліктейді. Олай болса білімге, өнерге құштар балалар тиуралы жиі дәріптеу, қызықты бағдарламалар көп түсірілуі керек. Әрбір медальдің артында жылдар бойғы тынымсыз дайындық, оқушылардың қажырлы еңбегі, ұстаздардың кәсібилігі мен ата-аналардың қолдауы тұр. Халықаралық олимпиадаларға әлемнің ең дарынды оқушылары қатысады. Сондықтан әрбір жүлде – қазақстандық жастардың білім деңгейінің халықаралық деңгейде мойындалуы.

Бүгінгі дарынды оқушылар ертең еліміздің білікті инженерлері, ғалымдары, дәрігерлері, бағдарламашылары, зерттеушілері мен кәсіпкерлеріне айналады. Олар жаңа технологияларды дамытып, ғылыми жаңалықтар ашып, Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз үлестерін қосады. 24 халықаралық медаль – жай ғана сан емес. Бұл – қазақстандық жастардың орасан зор әлеуетінің айқын көрінісі, елімізде білімді, мақсаткер әрі дарынды ұрпақ өсіп келе жатқанының дәлелі», – дейді психолог Назерке Көкебаева.

Әлеуметтік желі қолданушылар өнерлі, білімді оқушылар туралы пікір жазуда.

«Міне, дәл осындай жастар туралы барлығы айтуы керек! Олар – еліміздің мақтанышы, ғылым мен білімнің болашағы»,

«Жасөспірім шақтарында өнерге, білімге қызығып, халықаралық байқауларда топ жарып жүргендері қандай керемет! Кеудемді мақтаныш сезімі кернейді!» деген пікірлер жазылды.

 

Back to top button