Жаңалықтар

Өндірісте мүгедек болып қалғандар Тоқаевтан көмек сұрайды

Өндірісте жарақат алып, денсаулығынан айырылған бұрынғы шахтерлер мен кен байыту саласының жұмысшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Tizgin.kz ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

ҮНДЕУДЕ НЕ ДЕЛІНГЕН

«Денсаулығынан айырылған азаматтар зейнет жасына жеткен соң іс жүзінде регрестік төлемдерден қағылады. Бұл әлеуметтік әділетсіздік әрі кемсітушілік», – делінген жазбада.

Мәселені «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің өндірістік алаңдарында еңбектеніп жүріп жарақат алғандар көтеріп отыр. Олардың айтуынша, бұл тек аталған кәсіпорын қызметкерлеріне ғана емес, шахталар мен кеніштерде ауыр әрі қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеп, түрлі ауруға шалдыққан барлығына ортақ мәселе.

Зардап шеккен азаматтар ел Президентіне тікелей жүгінуге мәжбүр болғандарын айтады. Мақсат сол, қоғам мен билік назарын осы түйткілге аудару.

МӘН-ЖАЙЫ

Әңгіме «регрестік төлемдер» деп аталатын өтемақылар туралы болып отыр. Наразы топ 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістер еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жандардың бір бөлігінің жағдайын нашарлатты деп есептейді. Атап айтқанда, 2015 жылғы 10 мамырдан кейін өндірісте жарақат алған немесе кәсіптік дертке шалдыққан азаматтар зиянды өтеу төлемдерін тек зейнет жасына дейін ғана ала алады. Зейнет жасына толған соң бұл төлемдер тоқтатылады.

Ал 2015 жылдың мамырына дейін жарақат алғандар регрестік төлемдерді әрі қарай да алып келеді. Мұндай айырмашылықты жұмысшылар әділетсіздік деп санайды.

 

Back to top button