Олигархтардың пәтерлері аукционда тағы өтпей қалды
Астанадағы «Парижский квартал» тұрғын үй кешеніндегі екі пәтерді сату жөніндегі электронды сауда-саттық өтпей қалды. Бұған аукционға бірде-бір өтінімнің тіркелмеуі себеп болған, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
БАСТАПҚЫ БАҒА ҚАНША
Сауда-саттық арнайы электронды платформада онлайн өтуі тиіс болатын. Жалпы, лоттардың бірі – Астанадағы «Парижский квартал» тұрғын үй кешенінде орналасқан, аумағы 93,6 шаршы метр болатын пәтер. Нысанның бастапқы бағасы 112,9 миллион теңге болып белгіленген.
Пәтер электронды аукционға қойылған. Онда қатысушылар бағаны көтеру немесе төмендету арқылы сауда жүргізе алатын еді.
ӨТІНІМ ҚАШАН АЯҚТАЛДЫ
Сонымен қатар платформада тағы бір тұрғын үй нысаны – осы кешендегі №6 екі деңгейлі пәтер де лот ретінде ұсынылған. Пәтердің жалпы аумағы 309,5 шаршы метр, ал бастапқы бағасы ҚҚС-ты есептемегенде 308,7 миллион теңгені құрады. Аукцион басталғанша қатысуға өтінім қабылдау аяқталып қойған.
Алайда сауда алаңы мәліметіне сүйенсек, екі лот бойынша да бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Соған байланысты аукцион тағы өтпей қалды.