«Охотзоопром» филиалының басшысы 5 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

Батыс Қазақстан облысында «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі Батыс өңірлік филиалының басшысы Арман Қожахметов 5 миллион теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы құқық қорғаушы, БҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Бауыржан Зәки мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кәсіпкерден ақша талап етті деген күдік бар
Закидің мәліметінше, Қожахметовті 11 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері ұстаған. Ол кәсіпкерден облыс аумағында киік аулауға рұқсат беру үшін 5 миллион теңге талап етті деген күдікке ілінген. Құқық қорғаушы күдіктінің ақша алып жатқан сәтте ұсталғанын жазды. БАҚ мәліметінше, Орал қаласының тергеу соты оны екі айға қамауға санкция берген.
Филиалды 2020 жылдан бері басқарады
Арман Кужахметов 2020 жылдан бері Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің Батыс өңірлік филиалын басқарады.
Әзірге ҰҚК мен «Охотзоопром» кәсіпорны аталған жағдайға қатысты ресми ақпарат жариялаған жоқ. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады.