Несиеден құтылудың 3 жолы: 23 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер кеңесі
Ең алдымен тесік қалтаны бітеу керек. 23 жылдық тәжірибесі бар қаржыгер маман Әсел Жарасқалиқызы «Айтарым бар» подкастында несиесі барларға 3 кеңес айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Қарыздарды қағазға тізіп жаз»
Оның айтуынша, несиені ерте жабу үшін саналы түрде шешім қабылдап, қанша несие бар екенін қағазға жазу керек.
«Қазір ақпараттық ағыны көп заманда көп шатасып жүрміз. Біреу «Бақытты болғың келсе күшті сөмке сатып ал» дейді. Қымбат сөмкені сатып алған соң 1 айдан кейін қайта бақытсыз күйге түсесің. Ішінде 500 мың теңгесі болмаса – 500 мың теңгелік қымбат сөмкеден не пайда? «Қарыздан құтылам, енді қарызға кірмеймін» деп шешім қабылда да, қарыздарыңды қағазға тізіп жаз. Адам болған соң қателесеміз, бірақ қателікті қайталай беру – надандық. Қарызды екі жолмен жабуға болады. Біріншісі, барлық қарызды тізіп жазып, ең азынан бастап жабуды бастау. 5-10 мың теңге түссе ең азынан бастап жаба беру керек. Екінші жолы, ең қымбат несиені таңдап аласың. Оның жылдық пайызы көп болады, ең бірінші соны жабуға кірісу керек», – дейді Әсел Жарасқалиқызы.
«Бір несие жабылған соң екінісін алуға асықпа»
Ол адамдардың басты қателігі – бір несие біткен соң екінші несие алуға асығатындығы екенін айтты.
«Тоңазытқыштың қарызын жапқан соң ұялы телефон алудың қажеті жоқ. Ай сайын 50 мың теңге несиені кешіктірмей төлеп үйренсең, ол несиені жапқан соң 50 мыңды жинап үйренуің керек. 50 мыңды жинай отыра басқа ниесіне жаба беру керек. Осы екі тәсілмен талай клиентім несиелерін ертерек жапқан», – дейді ол.
«Несиең болса – ақша жинауды емес, алдымен несие жабуды мақсат ет»
Маманның айтуынша, 120 мыңдық затқа қызыққан жағдайда несие алуға асықпау керек.
«Мысалы, 120-500 мыңдық затқа қызықсаң – үйіңде қолданбайтын заттарды сатып жібер. Киілмеген киім ілулі тұрған шығар. Қолданылмай тұрған заттарың бар шығар. Соны сатуға қою керек. Әлеуметтік желіге шығарып, сатудан ұялудың қажеті жоқ. Бұл – ұят емес, қарызсыз өмір сүру – абырой. Ақша жинауды үйренуді қарызға тауар алмаудан бастау керек. Сен қызығып отырған ыдыс-аяқ үйіңде де бар. Несиесі бар адам – қалтасы тесік адам. Несиесі бар адамға ақша жинау қиын, сондықтан ең басты мақсат – қолыңа қанша ақша түссе де несие жабуға жұмсау. Ең алдымен тесік қалтаны бітеу керек. Ақша мақсатқа келеді, сондықтан мақсатты айқындап ал. Мақсатқа қарай ақша жинаудың әртүрлі жолы бар», – дейді ол.