$ 452.12 € 508.95 ₽ 5.41
Оқиға

Непалдағы тасқын. Іздеу жұмыстары аяқталып, екі қазақстандықтың тағдыры белгісіз болып қалды

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданында болған табиғи апат аймағында жоғалып кеткен азаматтар жайлы ақпарат таратты. Қазір екі қазақстандық әйелдің қайда екені белгісіз, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Турист әйелдердің бірі Қазақстанға оралған

Бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында қазақстандық үш турист әйел болған: екеуі Непалда, біреуі Тибетте іздестірілген. Непалда болуы мүмкін деп есептелген әйелдердің бірімен байланыс орнатылды. Ол апат аймағына барудан бас тартқаны анықталған, қазір Қазақстанда жүр.

Қалған екі отандасымыздың орналасқан жері әзірге анықталған жоқ. Олардың туыстары ықтимал сәйкестендіру жұмыстарына қажет рәсімдерден өтіп, ДНҚ сараптамасы үшін биологиялық материал тапсырған. Бұл жұмыс Непал мен Қытайдың құзырлы органдары белгілеген тәртіпке сай жүргізіліп жатыр.

Қазақстандық дипломаттар жоғалған әйелдердің отбасыларымен байланыста болып, қажетті көмек көрсетуде.

Непалда іздеу-құтқару жұмыстары аяқталды

Непал тарапының мәліметінше, ел аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталған. Қазір зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысында табылған мәйіт қалдықтары мен жеке заттар кейін сәйкестендіру үшін тиісті органдарға беріледі.

Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қытай тарапы табылған мәйіттерді сәйкестендіріп, генетикалық сараптама жүргізуде.

Табиғи апат 26 тамызда Непал мен Тибет шекарасына жақын аумақта болған. Мұздықтың опырылуы салдарынан су, лай мен тас араласқан жойқын тасқын жүрді. Reuters агенттігінің 5 қазандағы мәліметінше, Непалда апаттан кемінде 1 455 адам қаза тауып, тағы 5 285 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған.

Back to top button