Жаңалықтар

Непал мен Тибеттегі алапат тасқыннан қаза тапқандар саны мыңнан асты

Непал мен Тибетте болған жойқын сел мен су тасқынынан қаза тапқандар саны мыңнан асты. Соңғы мәлімет бойынша, тек Непалдың өзінде 1007 адамның мерт болғаны расталды, деп хабарлайды Tizgin.kz DW басылымына сілтеме жасап.

Мыңдаған адам әлі табылған жоқ

Непал полициясы 1 қыркүйекте жариялаған мәліметке сәйкес, табиғи апаттан ел аумағында 1007 адам қаза тапқан. Қытай билігі бұған дейін Тибет автономиялық ауданында 16 адамның көз жұмғанын хабарлаған. Осылайша, екі елдегі құрбандардың жалпы саны 1023 адамға жетіп отыр.

Жергілікті биліктің мәліметінше, табылған мәйіттердің бір бөлігі қатты зақымданған әрі ыдырай бастаған. Сондықтан оларды сәйкестендіру жұмыстары қиындап отыр. Құтқарушылар апат құрбандарының саны алдағы күндері тағы өсуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Непалда із-түзсіз жоғалғандар саны 4600 адамға жуықтаған. Ал Тибетте 550-ге жуық адамның тағдыры белгісіз. Олардың арасында жүздеген шетел азаматы да бар. Апаттың алғашқы күндері төрт адамнан тұратын германиялық отбасы тікұшақпен қауіпсіз жерге көшірілген.

Апатқа мұздықтың опырылуы себеп болуы мүмкін

Сарапшылар жойқын тасқынға Тибет аумағындағы ірі мұздықтың опырылуы себеп болған деп болжап отыр. Мұздық құлағаннан кейін су, лай мен мұз аралас екпінді ағын шекара маңындағы елді мекендерді жайпап өткен.

Осыдан кейін Қытайдың Тибет автономиялық ауданынан бастау алып, Непалдың Багмати провинциясы арқылы ағатын Бхоте-Коши өзені арнасынан шыққан. Бірқатар ауыл толығымен қирап, тұрғындар баспанасы мен дүние-мүлкінен айырылды.

Қазір мыңдаған құтқарушы жоғалған адамдарды топырақ үйінділері мен көміліп қалған туннельдерден іздеп жатыр. Алайда қолайсыз ауа райы мен жаңа тасқын қаупі іздеу-құтқару жұмыстарына кедергі келтіруде.

Back to top button