«Намысымды жерге түсіретін жеңіліс емес»: Сметов жеңілгеннен соң мәлімдеме жасады
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Абу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде отандасы Талғат Орынбасардан 10:1 есебімен жеңілген соң мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Өз бауырыма жеңілгенім қуантады»
Олимпиада чемпионы әлеуметтік желідегі парақшасында жарыстың тартысты өткенін атап өтіп, өзіне қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты. Сметовтің сөзінше, ол үшін ең маңыздысы – жарыстың жарақатсыз аяқталуы. Сондай-ақ спортшы өзге елдің өкіліне емес, қазақстандық ізбасарына есе жібергенін ерекше атап өтті.
«Жарыстың қорытындысына келер болсақ, бәсеке өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы – жарақат жоқ, бәрі аман-есен. Ал мені ерекше қуантатыны – жеңілістің өзге елдің өкіліне емес, өз ізбасарымның, өз бауырымның еншісіне бұйырғаны. Бұл – намысымды жерге түсіріп, қабырғамды қайыстыратын жеңіліс емес. Керісінше, қазақ спортының болашағы жарқын екенінің белгісі!» – деп жазды Елдос Сметов.
Олимпиада чемпионы қазақстандық спортшылардың халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін мақтан тұтатынын жеткізді. Оның пікірінше, жас буынның жетістігі ел спортының болашағына сенім ұялатады.
Сметов жанкүйерлеріне уәде берді
Елдос Сметов бұл жеңілістен кейін спорттық мансабын аяқтау туралы айтқан жоқ. Керісінше, алдағы жылдары жанкүйерлерін жаңа жетістіктерімен қуантқысы келетінін мәлімдеді.
«Бір елдің намысын қорғап, бір тудың астында жүрген қазақ балаларының биік белестерді бағындырып, әлемдік аренада топ жарып жүргені – мен үшін үлкен қуаныш. Алла қаласа, алдағы әлем чемпионаттарында қазақ елінің бірнеше өкілі болып, алтын жүлде үшін бақ сынауымызды нәсіп етсін!» – деді спортшы.
Ол өзіне сенім артқан жанкүйерлердің қолдауы ерекше маңызды екенін айтып, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындалатынын жеткізді.
«Сіздерге әлі талай ерекше эмоция, толқыныс пен қуаныш сыйлау үшін аянбай еңбек ететініме сенімдімін! УӘДЕ! 2027 және 2028 жылдар, күтіңіздер мені!» – деп жазды Елдос Сметов.
Айта кетейік, Елдос Сметов – 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы. Ол ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, Қазақстан дзюдосы тарихындағы алғашқы Олимпиада алтынын жеңіп алған. Бұған дейін 2016 жылғы Рио Олимпиадасында күміс, 2020 жылғы Токио Олимпиадасында қола медаль иеленген.
Осылайша, үш Олимпиадада қатарынан жүлде алған тәжірибелі дзюдошы кезекті жеңілісіне қарамастан, үлкен спорттағы күресін жалғастыруға ниетті екенін аңғартты.