TOP-1Жаңалықтар

«Бір көргеннен таныдым»: Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызымен кездесті

Осыдан 30 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында топ болып зорланғанын мәлімдеген қазақстандық Наташа Қалымбетова АҚШ-та қызымен кездесті. Әйел екеуінің ДНҚ сараптамасын тапсырғанын, оның нәтижесі дүйсенбі күні белгілі болуы мүмкін екенін хабарлады. Сондай-ақ ол өз басынан өткен оқиғаға қатысты жаңа мәліметтерді жариялап, істің сотта қаралуына қол жеткізуге ниетті екенін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Қызымен кездесу және ДНҚ сараптамасы: Наташа Қалымбетова не айтты

Наташа Қалымбетова әлеуметтік желідегі парақшасында АҚШ-қа келгеніне екі күн болғанын хабарлады. Оның айтуынша, қызы әуежайдан өзі қарсы алған. Желі қолданушылары қызын көрсетуді бірнеше рет сұрағанымен, әйел әзірге оның жүзін көпшілікке жариялаудан бас тартып отыр.

Қалымбетова мұндай шешімді АҚШ азаматы болып саналатын қызының жеке өміріне қол сұқпау қажеттігімен түсіндірді. Ол сот процесі аяқталғанға дейін қызының суреттерін жарияламайтынын атап өтті.

«Америкаға келгеніме екі күн болды. Қызыммен кездестім. Оның мені әуежайдан күтіп алғанына қатты қуандым. Қазір көп адам қызымды көрсетуді сұрап жатыр, бірақ мен оны көрсетпеймін. Сот басталып, аяқталғанға дейін оның жүзін жарияламаймын. Ол – АҚШ азаматы, сондықтан оның суреттерін көпшілікке көрсетуге өзімді құқылы деп санамаймын. Кеше екеуміз ДНҚ сараптамасын тапсырдық. Нәтижесі дүйсенбі күні дайын болуы керек. Барлық жағдайдың анықталатынына үміттенемін», – деді Қалымбетова.

Әйелдің айтуынша, қызымен алғашқы әңгімелесу оңай болмаған. Бұған дүниетаным мен менталитеттегі айырмашылықтар әсер еткен. Дегенмен кейін екеуі ашық сөйлесіп, қызы оған өзінің өткен өміріне қатысты құжаттарды көрсеткен.

«Ол маған құжаттарының бәрін көрсетті. Ол қажетті ақпараттардың бәрін білген. Біз бір-бірімізге туған адамдар екенімізді жақсы білеміз. Кеше қоштасарда аздап жылап алдым. Себебі АҚШ-та Қазақстанның қанша баласы кеткенін білемін. Өте көп. Қанша сомаға сатып алынғандарын да білемін», – деді ол.

Қалымбетова қызын әуежайда көрген сәтте бірден танығанын айтады. Оның сөзінше, ол қызын Орал қаласында дүниеге әкелген және кейін үш жыл бойы барып, көріп тұрған, алайда баласының шетелге қалай және қандай жағдайда кеткені туралы әлі де жауапсыз сұрақтар көп екенін жеткізді.

Жаңа мәлімдеме және тергеу барысы

Қызымен кездескеннен кейін Наташа Қалымбетова қазақстандықтарға тағы бір үндеу жасады. Ол қызының шетелдіктерге берілуіне қатысты құжаттарды рәсімдеуге қатысқан аудармашы қызды іздеп жүргенін айтты.

Қалымбетова аталған әйелден өзімен байланысқа шығуды сұрап, оның жеке мәліметтерін жарияламайтынына уәде берді.

«Қызымды Оралда босандым. Тоғыз күн бойы туыстарымнан мені алып кетуді сұрадым, бірақ сол кезде ешкім көмектеспеді. Үш жыл бойы балама барып тұрдым. Оның бет-әлпетіндегі әрбір ерекшелікті әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Қазақстаннан Америкаға қанша баланың кеткенін білемін. Мендегі мәлімет бойынша, олар үшін қанша ақша төленгені туралы да ақпарат бар. Қызымды шетелдіктерге беру кезінде аудармашылық жасаған қызбен сөйлесуім керек. Егер суреттен өзіңді танысаң, маған хабарласуыңды сұраймын. Жеке мәліметтеріңді ешкімге жарияламаймын деп уәде беремін, өйткені мен сені кінәлі деп есептемеймін. Бұл істің сотқа жеткенін және ақиқаттың толық ашылғанын қалаймын», – деді ол.

Қалымбетова қызының шетелге кетуіне қатысты барлық мән-жайды анықтауға және оқиғаның құқықтық тұрғыдан қаралуына қол жеткізгісі келетінін жеткізді.

Наташа Қалымбетованың оқиғасы: бұған дейін не белгілі болды

Еске салайық, бұған дейін Наташа Қалымбетова әлеуметтік желіде видео жариялап, шамамен 30 жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында болған оқиға туралы мәлімдеген еді.

Әйелдің айтуынша, кәмелетке толмаған кезінде ауылдас төрт ер адамның тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Қалымбетова ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарына жүгінбегенін, кейін Қазақстаннан кеткенін айтқан. Оның оқиғасы әлеуметтік желілерде жарияланғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қалымбетованың өзі полиция қызметкерлерінің хабарласқанын мәлімдеді. Кейін әйел қазақстандықтарға үндеу жасап, АҚШ-қа бару үшін қаржылай көмек сұрады. Ол сапарының мақсаты қызымен кездесу және бірге ДНҚ сараптамасын тапсыру екенін түсіндірген.

Қалымбетова сараптама нәтижелері өткен оқиғалардың мән-жайын анықтауға көмектеседі деп үміттенетінін жеткізді. Қазір әйел қызымен кездескенін және екеуінің ДНҚ сараптамасына биологиялық үлгілер тапсырғанын растады. Алайда зерттеу қорытындысы әзірге белгісіз. Ал оның қылмыстық іс бойынша дәлел ретінде қолданылу мүмкіндігі тергеу барысында анықталатын мән-жайларға байланысты болмақ. Материал жарияланған сәтте ДНҚ сараптамасының нәтижелері, оқиғаға қатысы бар делінген адамдардың процестік мәртебесі және тергеудің алдағы шешімдері туралы ресми ақпарат ұсынылған жоқ.

Зарина Қаһарман

Зарина Қаһарман – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының тілшісі. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын Өскемендегі облыстық «Менің өлкем» жекеменшік газетінде тілші болып бастап, 2018 жылы Baq.kz ақпараттық порталында, 2019 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігінде тілші қызметін атқарған. Журналистикадан бөлек, кейінгі жылдары психоанализ саласында кеңесші қызметімен айналысады.
Back to top button