
Қазақстан боксшысы Жәнібек Әлімханұлы мексикалық Сауль «Канело» Альвареске үн қатты. Ол қарсыласын 2027 жылы жекпе-жекке шақырғысы келетінін аңғартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
31 қазанда Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Канело Кристиан Мбиллиге қарсы жұдырықтасып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Осылайша мексикалық екінші орта салмақтағы WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Кездесуден кейін Әлімханұлы әлеуметтік желіде қарсыласына: «Дайын бол! Мен саған келе жатырмын» деп жазды.
Әлімханұлы жекпе-жекті қашан өткізгісі келеді
Қазақстан боксшысы Канело мен Мбилли айқасына дейін-ақ келесі жылға жоспарлаған кездесуін айтқан. Әлімханұлы жеңімпазбен 2027 жылдың мамырында жұдырықтасып, чемпиондық белбеулерді біріктіргісі келетінін жеткізген.
«Қаңтарда суперорта салмақта чемпиондық титулды жеңіп аламын. Мамырда осы жекпе-жектің жеңімпазымен кездесіп, титулдарды біріктіргім келеді», – деп жазды ол.
Қазақстандық боксшы қаңтарда жаңа салмақта сынға түседі
Жәнібек Әлімханұлы 2027 жылы 23 қаңтарда жаңа салмақта алғаш рет рингке шығады. Оның қарсыласы – жеңіліп көрмеген дат боксшысы Якоб Банк. Жекпе-жекте WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Әлімханұлы мен оның командасы Канеломен кездесу өткізуге ниетті екенін бұған дейін де айтқан. Қазақстандық боксшының менеджері Берік Сұлтан Tengri Sport-қа берген сұхбатында Жәнібектің орта салмақтағы белбеулерінен бас тартып, жоғары салмаққа көтерілуінің бір себебі мексикалықпен жұдырықтасу мүмкіндігі екенін айтқан.
Канело әзірге Әлімханұлының шақыруына жауап берген жоқ. Дегенмен мексикалық басылымдар мұндай жекпе-жек жанкүйерлерге қызық болуы мүмкін екенін жазған.