Жаңалықтар

Алматыда көлігінен «адамның аяқ-қолын» шығарып қойған жүргізушіге ескерту жасалды

Алматыда Хэллоуин мерекесі қарсаңында кейбір жүргізушілер көліктерін ерекше әрі қорқынышты етіп безендіре бастады. Қала көшелерінде шанағына «қан» іздері мен алақан таңбалары салынған, жүксалғышынан адамның жасанды аяқ-қолы салбырап тұрған автокөліктер пайда болды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Полиция мұндай безендірудің қауіпті екенін ескертті

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кейбір жүргізушілер Хэллоуинге арналған безендірулерді көліктеріне орнатып, қала көшелерінде жүре бастаған. Алайда тәртіп сақшылары мұндай әрекеттердің өзгелерді шошытып, жол қозғалысына қатысушылардың назарын басқа жаққа аударуы мүмкін екенін атап өтті. Сондай-ақ қорқынышты көріністер тұрғындар арасында үрей туғызып, жедел қызметтерге негізсіз хабарласуға себеп болуы ықтимал.

«Бұл мәселенің құқықтық жағы да бар. Жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, тасымалданатын заттар жүргізушінің көру мүмкіндігін шектемеуге, көлікті басқаруға кедергі келтірмеуге, мемлекеттік тіркеу нөмірлерін және жарық құрылғыларын жаппауға, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндірмеуге тиіс», – деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін

Полицияның түсіндіруінше, көлікке орнатылған безендірулердің сипатына және анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Атап айтқанда, мұндай әрекеттер үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабы – «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша жауапкершілік қарастырылуы ықтимал.

Дегенмен көлікті Хэллоуинге орай безендірудің өзі автоматты түрде заңсыздық болып саналмайды. Жауапкершілік жол қозғалысы ережелерінің нақты бұзылуына байланысты туындайды. Полиция жүргізушілерді қоғамдық жолдарды күмәнді тәжірибелер жасайтын орынға айналдырмауға шақырды. Тәртіп сақшылары мереке аяқталғанымен, жолдағы қауіпсіздік үшін жауапкершілік әрдайым сақталатынын еске салды.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Алматы қаласының ПД | ДП г.Алматы (@almaty.police)

Back to top button