Найзағай, бұршақ, +35 ыстық: 26-28 маусымға арналған ауа райы болжамы
Қазақстанның басым бөлігіне солтүстік-батыс циклоны әсер етеді.
«Қазгидромет» синоптиктері 26, 27 және 28 маусым күндеріне арналған Астана мен Алматы қалаларының ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Астанадағы ауа райы
26 маусымда елордада құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Түнде аздаған жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Батыстан, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы түнде 2-7 м/с, күндіз 7-12 м/с болады. Ауа температурасы түнде +15…+17 градус, күндіз +30…+32 градусқа дейін көтеріледі.
27 маусымда құбылмалы бұлтты ауа райы сақталады. Күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, бұршақ түсуі мүмкін. Оңтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 9-14 м/с болады. Түнде ауа температурасы +19…+21 градус, күндіз +31…+33 градус болады.
28 маусымда да құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі. Кей уақыттарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсуі ықтимал. Жел оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен соғады. Түнде ауа температурасы +20…+22 градус, күндіз +31…+33 градус болады.
Алматыдағы ауа райы
26 маусымда Алматыда құбылмалы бұлтты ауа райы күтіледі, жауын-шашын болмайды. Шығыстан соғатын желдің жылдамдығы 3-8 м/с болады. Түнде ауа температурасы +20…+22 градус, күндіз қатты ыстық болып, +31…+33 градусқа дейін жетеді.
27 маусымда құбылмалы бұлтты ауа райы сақталады. Күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай болуы мүмкін. Жел оңтүстік-шығыстан 3-8 м/с жылдамдықпен соғады, күндіз екпіні 13 м/с-қа дейін жетеді. Түнде ауа температурасы +22…+24 градус, күндіз қатты ыстық болып, +33…+35 градусқа дейін көтеріледі.
28 маусымда да өткінші жаңбыр мен найзағай күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан: түнде 3-8 м/с, күндіз 5-10 м/с, екпіні 15 м/с-қа дейін жетеді. Түнде ауа температурасы +22…+24 градус, күндіз +33…+35 градус ыстық сақталады.
Бұған дейін синоптиктер алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігіне солтүстік-батыс циклоны әсер ететінін ескерткен болатын. Оның әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ түсіп, екпінді жел соғады. Елдің солтүстігі мен батысында ауа температурасы +23…+28 градусқа дейін төмендейді. Ал оңтүстік пен шығыста аптап ыстық сақталып, ауа температурасы +40…+42 градусқа дейін жетеді.