Кейінгі жылдары Каспий құбыр консорциумындағы (КҚК) іркілістер, Қара теңіздегі дрон шабуылдары және Ресей арқылы өтетін Дружба бағытының тоқтауы Қазақстан мұнай экспортының сыртқы инфрақұрылымға қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Осылайша мұнай сақтайтын қойма мәселесі қайта жарыққа шықты.
Tizgin.kz осы ретте мұнай сақтау қуатын кеңейтуге ден қойған Сауд Арабиясының тәжірибесін Қазақстанның қазіргі жағдайымен салыстырып көрді.
Мұнай-газ сарапшысы Асқар Исмаилов жуықта осы мәселе туралы жазба жариялады. Оның пікірінше, әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер соңғы дағдарыстардан кейін мұнайды өндірумен қатар, оны стратегиялық қор ретінде сақтайтын инфрақұрылымның маңызын қайта қарастырып жатыр. Сарапшы Сауд Арабиясының Ормуз бұғазындағы дағдарыстан кейін Жапония мен Оңтүстік Кореядағы мұнай сақтау қуатын кеңейту мүмкіндігін қарастырып отырғанын Қазақстанның жағдайымен салыстырады.
Украинаның дрон шабуылдары көрсеткендей, мұнай экспорттайтын жолдар уақытша жабылса, оны бірден басқа бағытқа бұру әрдайым мүмкін бола бермейді. Сондай кезде өндірілген мұнайды уақытша сақтайтын қуаттың маңызы артады. Қазақстан бұл мәселені қалай шешіп жатыр? КҚК тоқтаса, мұнай қайда кетеді?
Қазақстанның негізгі экспорттық бағыты
Каспий құбыр консорциумы 2025 жылы осы құбыр арқылы Қазақстан 64,8 млн тонна мұнай экспорттады. Сол жылы елдің жалпы мұнай экспорты 78,7 млн тонна болды. Яғни сыртқа шығарылған мұнайдың басым бөлігі осы бағытпен өтті.
КҚК Қазақстанның батысындағы кен орындарынан мұнайды Ресей аумағы арқылы Новороссийск портына жеткізеді. Қалыпты жағдайда бұл тиімді жол. Бірақ оның осал тұсы да бар. Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығаратын маңызды «тамыр» өз «ағзасынан» тыс жатыр.
Бұл тәуекел биыл бірнеше рет көрінді. Қара теңіздегі дрон шабуылдарынан кейін КҚК жұмысы шектелді. Шілдеде құбыр арқылы мұнай тиеу көлемі 20 пайыздан астам төмендеді. Reuters дерегінше, бұл тәулігіне шамамен 400 мың баррель мұнайдың жөнелтілмеуіне әкелген.
Мәселе мұнымен біткен жоқ. Экспорттық терминалдың қабылдау мүмкіндігі шектелген кезде Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі де төмендеді. Шілденің бір кезеңінде елдің мұнай және газ конденсаты өндірісі тәулігіне 2,07 млн баррельден 1,63 млн баррельге дейін түсті. Теңіздегі өндіріс 925 мың баррельден 406 мың баррельге дейін азайды.
Тағы бір сарапшы Олжас Байділдиновтің бағалауынша, 2026 жылдың жеті айында мұнай өндірісінің төмендеуінен Қазақстан шамамен $3,2 млрд кірістен қағылуы мүмкін. Газ өндірісі мен мұнай-газ химиясындағы төмендеуді қоса есептегенде, ықтимал шығын $3,5 млрд-тан асуы мүмкін. Бұл соманың шамамен үштен бірі бюджетке түспей қалған салық түсімдеріне тиесілі болуы ықтимал.
Егер Қазақстанда қосымша ірі мұнай сақтау қуаты болғанда, өндірісті қысқартудан келген шығын осындай болар ма еді? Бұл сұраққа нақты жауап беру үшін арнайы есеп қажет. Бірақ биылғы жағдай сақтау қуаты мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Атырау облысына барған сапарында мұнай сақтау мәселесін көтерді. Ол кезде мемлекет басшысы мұнай өндіретін компаниялардың өнімін бірден экспортқа жіберуге мәжбүр болып отырғанын айтып, өңірде ірі мұнай қоймасын салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Осыдан кейін жоба зерттеле бастады. Бірақ бүгінге дейін Атырауда мұндай ірі стратегиялық қойма салынған жоқ. Неге? Бұл сұраққа ҚазМұнайГаздың түсіндірмесі бар.
«ҚазМұнайГаз» не дейді
Компанияның мәліметінше, Қазақстанның ірі мұнай жобаларының бір айлық өндірісін сақтайтын жүйе құру үшін шамамен 75 резервуар қажет болады. Әрқайсысының сыйымдылығы — 100 мың текше метр. Ал жобаның құны шамамен $7,5 млрд деп бағаланған.
Осы есептен кейін ҚМГ ірі стратегиялық қойма салудың орнына экспорт бағыттарын көбейту тиімді деген ұстанымға келген.
Кәсіпорын басшылығының тағы бір уәжі бар. Қазақстан — мұнайды сырттан сатып алатын мемлекет емес, мұнай экспорттаушы ел. Сондықтан мұнда мұнай қорын ұзақ уақыт сақтаудың қажеттілігі мұнай импорттаушы мемлекеттердегідей емес. ҚМГ қазір жаңа алып қойма салуға қаржы жұмсағанша, қолда бар резервуарларды пайдаланып, оларды кеңейтуді, сонымен бірге мұнайды басқа бағыттарға бұру мүмкіндігін арттыруды көздейді.
Компанияның мәліметінше, ҚазТрансОйл жүйесіндегі резервуарлардың жалпы сыйымдылығы шамамен 1,426 млн текше метр. Бұдан бөлек мұнай өңдеу зауыттары мен кен орындарындағы сақтау мүмкіндіктері бар.
Қойма болғанда не өзгерер еді
Экспорт бірнеше күнге тоқтаса, қосымша сақтау қуаты мұнайды бірден экспортқа шығару қысымын азайтып, оны уақытша жинауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда өндірісті бірден қысқартудың қажеті болмауы мүмкін. Бірақ қойманың да шегі бар. Негізгі экспорт бағыты бірнеше апта немесе ай жұмыс істемесе, кез келген қойма ақырында толады.
Сондықтан стратегиялық қор КҚК-ны алмастырмайды. Ол тек экспорттағы уақытша үзіліс пен өндірісті қысқарту арасындағы аралықты ұзарта алады. Биыл Ресей Қазақстан мұнайының Дружба құбыры арқылы Германияға тасымалын тоқтатты. 2025 жылы Қазақстан осы бағытпен Германияға 2,146 млн тонна мұнай жеткізген. 2026 жылдың алғашқы үш айында тағы 730 мың тонна жөнелтілген. Сәуірде Ресей Қазақстанның Дружба арқылы Германияға мұнай жеткізуін 1 мамырдан тоқтататынын хабарлады. Қазақстан Энергетика министрлігі де мамыр айына бұл бағыт бойынша жөнелту жоспарланбағанын растады.
Бұл мұнай жеткізу инфрақұрылымының Қазақстан үшін тағы бір осал тұсын көрсетті. Қазақстан соңғы жылдары экспортты әртараптандыруға тырысып келеді.
Каспий арқылы Әзербайжанға, одан әрі Баку-Тбилиси-Джейхан бағытына мұнай жөнелтіледі. 2025 жылы осы маршрутпен шамамен 1,2 млн тонна қазақстандық мұнай тасымалданды. Бұл көлемді 2,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Қытай бағыты да жұмыс істейді. Атырау-Самара бағыты бар. Теміржол арқылы тасымал да жолға қойылған. Бірақ олардың ешқайсысы әзірге КҚК-ның орнын толық баса алмайды.
Сауд Арабиясы не істеп жатыр
Осы тұста Сауд Арабиясының тәжірибесі назар аудартады. Бұл ел де мұнай экспорттайды және әлемдегі ең ірі өндірушілердің бірі. Соған қарамастан Saudi Aramco мұнай сақтау қуатын кеңейту мүмкіндігін қарастырып отыр. Маусымда компания төрағасы Ясир әл-Румайян әлем бойынша, әсіресе Жапония мен Оңтүстік Кореядағы сақтау қуатын арттыру мәселесі қаралып жатқанын айтты.
Aramco-ның Жапониядағы қоймалары да аз емес. Окинавада 8 млн баррель мұнай сақтау мүмкіндігі бар. Кейін Кагосимада тағы 3 млн баррель сыйымдылық қосылды. Қазақстанның қазіргі ресми ұстанымына қарағанда, алып стратегиялық қойма салудан гөрі экспорт бағыттарын әртараптандыруға басымдық беріліп отыр.
ҚМГ мұнайды КҚК-дан басқа бағыттарға көбірек бұру мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Бұл ұстанымның логикасы түсінікті: мұнайды бірнеше бағытпен экспорттай алсақ, бір бағыттағы мәселе бүкіл жүйеге бірден әсер етпейді. Бірақ биылғы оқиғалар тағы бір сұрақ туғызды. Балама бағыттарды кеңейтуге уақыт керек болған жағдайда, сол уақыт ішінде өндірілген мұнай қайда сақталады?
Бұл сұраққа жауаптың бір бөлігі қолданыстағы резервуарларда жатыр. Бірақ олардың көлемі қанша күнге жететіні, қандай жағдайда жеткілікті болатыны және қандай көлемдегі жаңа сақтау қуаты экономикалық жағынан тиімді екені ашық айтылмайды. м
Сондықтан қазір мәселе «Қазақстанға міндетті түрде үлкен мұнай қоймасы керек пе?» дегеннен гөрі, «экспорттың негізгі бағыты уақытша тоқтаған жағдайда Қазақстан өндірісті қанша уақыт қысқартпай ұстап тұра алады?» деген сұраққа жақындап келеді.
Ал бұл сұраққа жауапты биылғы КҚК іркілістері, Дружбадағы өзгеріс және Қара теңіздегі шабуылдар бұрынғыдан да маңызды етіп отыр.
Бірақ биылғы оқиғалар тағы бір сұрақ туғызды. Балама бағыттарды кеңейтуге уақыт керек болған жағдайда сол уақыт ішінде өндірілген мұнай қайда сақталады? Бұл сұраққа жауаптың бір бөлігі қолданыстағы резервуарларда жатыр. Бірақ олардың көлемі қанша күнге жететіні, қандай жағдайда жеткілікті болатыны және қандай көлемдегі жаңа сақтау қуаты экономикалық жағынан тиімді екені ашық айтылмайды.