АҚШ-тың Харк аралына жасаған шабуылынан кейін мұнай тағы қымбаттады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Апта басында әлемдік мұнай бағасы 1–1,5% шамасында қымбаттады. Сауда деректері мен сарапшылардың пікіріне қарағанда, Иранның маңызды экспорттық орталығы саналатын Харк аралына АҚШ жасаған шабуылдан кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 104 доллардан жоғары деңгейде саудаланып жатыр.
Астана уақыты бойынша 09:36-дағы жағдайға сәйкес, Brent маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстері алдыңғы жабылу бағасымен салыстырғанда 1,56% өсіп, барреліне 104,75 долларды құрады. Ал WTI маркалы мұнайдың мамыр айындағы фьючерстері 1,1% өсіп, 97,91 долларға жетті.
Нарық қатысушылары жаңа геосаяси тәуекелдерді бағалап жатыр. Сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазындағы кеме қатынасына кедергі келтірілсе, Иранның ең маңызды мұнай терминалдарының бірі саналатын Харк аралындағы мұнай инфрақұрылымына соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен. Кейінірек ол аралдағы әскери нысандарға соққы берілгенін хабарлады.