ЖаңалықтарЭкономика

Мұнай бағасы 117 долларға жетті: Қазақстан неге одан пайда көре алмай отыр

Әлемдік мұнай нарығында шиеленіс күшейіп, Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 117 доллардан асты. Парсы шығанағынан жеткізілім қымбаттап, мұнай мен дизель отынының тапшылығы артып келеді. Мұндай жағдайда Қазақстан экспорттық кірісін ұлғайтуға мүмкіндік алуы тиіс еді. Алайда елде мұнай өндіру көлемі тоғыз айда 8,3 пайызға төмендеп, 2026 жылға арналған болжам бастапқы 100,5 миллион тоннадан 96 миллион тоннаға дейін қысқарды, деп хабарлайды Tizgin.kz. 

Нарықта мұнай тапшылығы сезіліп отыр

Қазақстанның жетекші мұнай-газ қауымдастығы мәліметінше, қазан айында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 115 долларға жуықтаған. 27 қазан күні таңертең Сауд Арабиясы, Түркия және Пәкістанның қатысуымен Тегеранда өткен келіссөздер аясында баға сәл төмендеді. Оған дейін мұнай құны 117 доллардан асып, сәуір айынан бергі ең жоғары деңгейге жеткен болатын.

«Бағаның өсуіне Ормуз бұғазында Иранның танкерлерге жасаған шабуылдары негізгі себеп. Сонымен қатар Йемендегі хуситтердің Сауд Арабиясына қарсы шабуылдары да күшейді. Олардың белсенділігі 2017 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жетті. Әскери шиеленіс мұнай жеткізіліміне қауіп төндіріп, бағаның айтарлықтай төмендеуіне мүмкіндік бермей отыр», – деді қауымдастық сарапшылары.

Әлемдік нарықтағы жағдай мұнай ұсынысы қысқаруымен де күрделене түсті. Халықаралық энергетика агенттігінің (ХЭА) қазан айындағы есебіне сәйкес, жыл қорытындысында әлемдік мұнайға сұраныс тәулігіне 2,6 миллион баррельге азайғанымен, ұсыныс көлемі 5,8 миллион баррельге қысқаруы мүмкін. Бұл мұнай нарығында жыл соңына дейін тапшылық сақталатынын білдіреді.

«Әсіресе дизель отыны бойынша жағдай күрделі. ХЭА бағалауынша, оның тапшылығы 2027 жылы да сақталуы мүмкін. Сонымен қатар тасымалдау шығындары күрт өсті. Әскери шиеленіс басталғанға дейінгі кезеңмен салыстырғанда Парсы шығанағынан Азияға ірі танкерлермен мұнай жеткізу құны бес еседен астам қымбаттады», – дейді мамандар.

Қазақстанда мұнай өндіру неге төмендеді

Әлемдік нарықтағы қолайлы бағаға қарамастан, Қазақстан әзірге бұл мүмкіндікті толық пайдалана алмай отыр. Осы жылдың алғашқы тоғыз айында елдегі мұнай өндіру көлемі 8,3 пайызға төмендеп, 69,4 миллион тоннаны құрады.

Өндірістің азаюы әсіресе ірі мұнай-газ жобаларында байқалған.

«Ең елеулі төмендеу ірі мұнай-газ жобаларында тіркелді. Теңіз кен орнында өндірілген мұнай көлемі былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштің небәрі 88 пайызына жетті. Ал Қарашығанақта өндіріс 18 пайызға қысқарды», – делінген Қазақстанның жетекші мұнай-газ қауымдастығы мәліметінде.

Өндірістегі шығынның орнын толтыру үшін Энергетика министрлігі Теңіз бен Қашаған кен орындарындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарын кейінге шегерген. Соның нәтижесінде мұнай өндіру бойынша жоспарлы межеден ауытқу 5,9 миллион тоннадан 1,9 миллион тоннаға дейін қысқарған.

Соған қарамастан, биылға арналған бастапқы жоспарды орындау қиындай түсті. Бұған дейін елде биыл 100,5 миллион тонна мұнай өндіру көзделген еді. Алайда болжам кейін 96 миллион тоннаға дейін төмендетілді. Осылайша, бастапқы жоспардан 4,5 миллион тонна кем мұнай өндірілуі мүмкін.

Сонымен бірге ел экономикасында өсім байқалады. Тоғыз ай қорытындысында жалпы ішкі өнім 4,2 пайызға артқан. Мұнай өнімдерін өндіру 2,4 пайызға, ал авиациялық отын шығару көлемі шамамен 22 пайызға өскен.

 

Back to top button