Білім беру саласының сарапшысы, педагогтер мен мектеп басшыларының менторы Құралай Байтажикова мұғалімдерді қосымша жұмыс пен бітпейтін есептен босатып, негізгі назарды сабақ сапасына аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құралай Байтажикова бұл пікірін «Өзгеріс мұғалімнен басталады: бастамашыл педагогтерді қалай қолдау керек» тақырыбындағы ашық пікірталаста жеткізді.
Сарапшының сөзінше, мектеп басшысы үшін ең басты приоритет – есеп емес, әр оқушының сабақтан не үйреніп шыққаны болуы керек.
«Біздің елімізде приоритет көп, әрине. Уақытында есеп беру, әдемі есептер ұсыну деген бар. Бірақ мектеп басшысы үшін ең басты приоритет – бүгін әр сыныпта отырған әр оқушы не үйренеді, оны қалай үйренеді және оның үйренгенін қандай дәлел арқылы білеміз деген сұраққа жауап беру. Осыны бірінші орынға қойса, мектеп басшысы мұғалімнің алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасап, қажетсіз жұмыстарды жеңілдетудің жолын іздер еді», – деді Құралай Байтажикова.
Сарапшы мұғалім үшін ең құнды ресурс – уақыт, күш-қуат және назар екенін атап өтті. Сөзінше, ұстаздың назарын сабақтан басқа жұмысқа бұру ең алдымен оқушыға кері әсер етеді.
«Мұғалімнің ең маңызды ресурсы – уақыт,энергия және назар (фокус). Мұғалімнің назарын басқа жаққа бұрсақ, сыныптағы оқушылар қалып қояды. Егер ұстазға “есепті тез өткізіңіз” десе, сабақ жайына қалады. Компьютерге отырып, тізім жасап, есеп беруге кірісеміз. Сонда сабақтың 15-20 минуты, тіпті 30 минуты текке кетуі мүмкін. Сондықтан 45 минуттың әрбір минуты балаға қаншалықты пайдалы өтіп жатқанын ойлау керек», – деді сарапшы.