Оқу-ағарту министрлігі педагогтер жүргізуге міндетті құжаттар санын 25-тен 5-ке дейін қысқартуды көздеп отыр. Бұл туралы министр Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Педагогтерге қандай бес құжат қалады
Министрдің айтуынша, 2020 жылы №130 бұйрықпен білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізуге міндетті 25 құжаттың тізбесі бекітілген. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл тізімді қысқарту жоспарланып отыр.
Ұсынылып отырған тізбеге мыналар кіреді:
- Сабақ жоспары.
- Үлгерім туралы мәліметтер енгізілетін онлайн журнал.
- Қосымша білім беру педагогтеріне арналған сабақтан тыс жоспарды есепке алу журналы.
- Сынып жетекшілеріне арналған «Адал азамат» бағдарламасын іске асыру жоспары.
- Сұраныс бойынша оқушыларға берілетін мінездеме.
Осыған байланысты тиісті нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілмек. Яғни құжаттар саны әзірге қысқартылған жоқ, министрлік бұл өзгерісті енгізуді жоспарлап отыр.
Мектептерде 70-тен астам цифрлық жүйе қолданылады
Министрлік орта білім беру саласындағы цифрлық жүйелердің тиімділігін де бағалаған. Мақсат – қайталанатын функцияларды анықтау, деректерді біріктіру және шығыстарды оңтайландыру.
Бағалау нәтижесінде мектептерде 70-тен астам түрлі цифрлық жүйе мен сервис пайдаланылатыны анықталған. Бір өңірге орта есеппен онға жуық жүйеден келеді.
Олар электрондық журналдар мен күнделіктерді жүргізу, білімді бағалау, мемлекеттік қызмет көрсету және оқушылар контингентін есепке алу міндеттерін атқарады.
Осыған байланысты министрлік бірыңғай цифрлық архитектура қалыптастыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Оның негізгі құрамдас бөлігі Ұлттық білім беру деректер базасы болмақ.