Моңғолияда аю киіз үйге басып кіріп, ер адамды өлтіріп, әйелді жаралап кетті
Моңғолия астанасы Ұлан-Батордың шетінде қоңыр аю киіз үйге басып кіріп, 40 жастағы ер адамды өлтірген. Шабуылдан 50 жастағы әйел ауыр жарақат алды. Бұл туралы Peak.mn басылымына сілтеме жасап Tizgin.kz хабарлайды.
Зардап шеккен әйелдің жағдайы ауыр
Оқиға 2026 жылы 7 қазаннан 8 қазанға қараған түні Баянзүрх ауданының 35-ші хороо аумағындағы Улиястай өзенінің аңғарында болған. Аю шалғайдағы тұрғын аймақта орналасқан киіз үйге кіріп, ішіндегі екі адамға шабуыл жасаған. Ер адам оқиға орнында қаза тапқан. Жараланған әйел Ұлттық травматология және ортопедия орталығына шұғыл жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр.
Зардап шегушінің бас сүйегі сынып, басынан, кеуде тұсы мен іш қуысынан ауыр жарақат алғаны анықталған. Хирургтер шұғыл ота жасап, бас сүйегінің ішке қарай батқан сынықтарын алып, бассүйек ішіндегі қысымды төмендеткен. Әйел дәрігерлердің жіті бақылауында.
Аюды іздеуге 30-дан астам маман жұмылдырылды
Шабуылдан кейін аюды іздеп, залалсыздандыру үшін табиғат қорғау қызметінің мамандары, төтенше жағдай қызметкерлері мен полицейлерден құралған топ жіберілген. Іздеу жұмыстарына 30-дан астам адам тартылған. Қарулы топтар Улиястай аңғарының айналасындағы орманды аумақ пен жақын маңдағы тау жоталарын шолып жүр. Билік қала шетіндегі елді мекендер мен тау аңғарларының тұрғындарын сақ болуға шақырған. Оларға орманға бармай, жабайы жануарларды байқаған жағдайда тиісті қызметтерге дереу хабарлау керектігі ескертілген.
Моңғолияның қоршаған орта және климаттың өзгеруі министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы астана өңірінде аю байқалған 24 жағдай тіркелген. Салыстыру үшін: 2018 жылы мұндай екі, 2019 жылы бір жағдай болған. Ел бойынша 11 аймақта аю байқалған 754 жағдай есепке алынған. Олардың 80-нен астамы мүлікке зиян келтіру немесе үй жануарларына шабуыл жасауға қатысты.
Табиғат қорғау мамандары аюлардың тұрғын аумақтарға келуін таулы ормандардағы табиғи азықтың тапшылығымен байланыстырады. Осы маусымның басында өлтірілген аюларды тексеру кезінде олардың асқазаны бос болғаны анықталған. Жабайы жануарлардың қорегін сақтау үшін елде 2026 жылға жабайы жаңғақ пен жидек жинауға жалпыұлттық тыйым енгізілген.