TOP-2Білім

Министрлік грантқа құжат тапсыру қашан басталатынын айтты

Құжаттар онлайн және офлайн форматта қабылданады

Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  жоғары оқу орындарына грантқа тапсыру үшін өтініш қабылдау қашан басталатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Мемлекеттік гранттар конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау 13-20 шілде аралығында өтеді. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады», – деді министр.

Сонымен қатар министр 28 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында жоғары оқу орындарында бірінші курс студенттеріне арналған бейімделу апталығы өтетінін атап өтті.

БИЫЛ ҚАНША МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТ БӨЛІНДІ

Министрдің мәліметіне сәйкес, 2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінген. Оның ішінде:

– 75 371 грант – бакалавриатқа;
– 11 007 грант – магистратураға;
– 3 079 грант – докторантураға арналған.

Саясат Нұрбектің айтуынша, гранттарды бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрлық қажеттілігі болжамымен сәйкестендірілген

 «Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілік болжамымен үйлестірілді. Болжам бойынша Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады. Оның ішінде: шамамен 530 мыңы – инженерлік кадрлар; 185 мыңнан астамы – педагогикалық кадрлар; 168 мыңға жуығы – өзге салалардың мамандары», – деді министр.

Министрдің сөзінше, гранттарды бөлуде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану бағыттарына басымдық берілген. Гранттардың 60% инженерлік-техникалық, ИТ және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталса, 21% педагогикалық кадрларды даярлауға бөлінген.

Back to top button