
Кәсіпкер, BI Group компаниясының негізін қалаушылардың бірі Айдын Рахымбаев пен оның жұбайы Анар ресми түрде The Giving Pledge халықаралық бастамасына қосылды. Бұл бастама бойынша, миллиардерлер өз байлығының жартысынан көбін қайырымдылыққа жұмсауға жария түрде міндеттеме алады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
The Giving Pledge бастамасын 2010 жылы Билл Гейтс, Мелинда Френч Гейтс және Уоррен Баффет құрған. Негізгі мақсат – миллиардерлерді өз капиталын жаһандық мәселелерді шешуге бағыттауға жария түрде үндеу. 16 жыл ішінде бастамаға 30 елден шамамен 250 донор қосылған. Олардың қатарында Илон Маск, Марк Цукерберг, Ричард Брэнсон және өзге де танымал кәсіпкерлер бар. Енді бұл тізімге қазақстандық отбасы да енді.
Айдын Рахымбаев деген кім
Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы жаңартылған рейтингіне сәйкес, Айдын Рахымбаев 1,1 млрд доллар байлығымен Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлер тізімінде 9-орында тұр. Биыл ол алғаш рет Forbes-тың жаһандық миллиардерлер рейтингіне еніп, 3185-орынды иеленді.
Рахымбаев – BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің акционері. Компания 2025 жылы 2,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп, Cushman & Wakefield Veritas нұсқасы бойынша әлемдегі ең ірі девелоперлер қатарына кірді. Топ Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ және БАӘ елдерінде жұмыс істейді. Өткен жылы компания Әзербайжан нарығына шығатынын мәлімдеген болатын.
Рахымбаевтың уәдесі
The Giving Pledge сайтында жарияланған хатта Рахымбаевтар өз өмір жолы туралы айтып, екеуінің де шағын ауылдарда, қарапайым отбасында өскенін жазған. Сондай-ақ бұл жағдай олардың ақшаға деген көзқарасын қалай өзгерткенін түсіндірді:
«Біз жұбайымыз екеуміз де өте қарапайым отбасыларда, шағын ауылдарда өстік. Ес білгелі капитал қалыптастыру үшін тынымсыз еңбек еттік. Уақыт өте келе маңызды бір ақиқатқа көз жеткіздік: капитал – мақсат емес, құрал. Оның шынайы құндылығы адамдардың өмірін өзгертуге және қоғамды дамытуға қаншалықты ықпал ететінімен өлшенеді».
Олар өз шешімдерін ашық түрде былай жеткізді:
«Біз өміріміздің соңына дейін өз байлығымыздың жартысынан көбін (соңғы деректер бойынша шамамен 600 млн доллар немесе 276 млрд теңге) қайырымдылыққа бағыттауға міндеттенеміз. Біздің жетістігіміз – ең алдымен еңбек, білім және сенімнің нәтижесі. Бірақ бізге жол да болды: отбасымыз күш берді, еліміз мүмкіндік сыйлады, қоғам сенім артты – осының бәрі біздің әл-ауқатымыздың іргетасына айналды. Сондықтан көбірек мұқтаж жандарға қолдау көрсету арқылы қоғамға қайтаруды өз міндетіміз деп санаймыз».
Хатта Рахымбаевтар жұмыстың үш нақты бағытын атаған.
Біріншісі – игілікті істерді ауқымды деңгейге шығару. Яғни, Giving Pledge қатысушыларының халықаралық тәжірибесін жергілікті бастамалармен ұштастырып, жаһандық әлеуметтік мәселелерді шешу.
Екіншісі – мүмкіндік жасау:
«Балаларымыз үшін жасай алатын ең үлкен жақсылығымыз – олардың айналасындағы әлемді өзгерту. Оларға жай ғана мұра емес, ондаған және жүздеген жыл өмір сүретін білім мен мүмкіндік мұрасын қалдыру».
Үшіншісі – қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру. Яғни, бизнес қауымдастығы өкілдерін саналы түрде қайырымдылық жасауға ынталандыру. Айдын Рахымбаев – балалардың жетімдер үйіне түсуінің алдын алатын «Ана үйі» желісінің және ауыл балаларына сапалы білім алуға мүмкіндік беретін IQanat білім беру жобасының бастамашысы.