Алматыда қазақ қыздарына тіл тигізгені үшін қамауға алынған шетелдік стример Анар Абдуллаев Telegram желісінде үйіне оралғанын хабарлаған жазба жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Lego стиліндегі екі минуттық анимациялық ролик арқылы Абдуллаев Қазақстанда өзі тап болған жағдайды әзіл-оспақпен көрсеткен. Ролик ағылшын тіліндегі “I’m sorry” – «Кешіріңіздер» деген жазумен аяқталады.
«Тағы да бүкіл қазақ халқынан кешірім сұраймын, осылай болғанына өкінемін, ешкімді ренжіткім, әсіресе қорлағым келген жоқ, мен достық пейілді адаммын, зор қолдау көрсеткендердің бәріне үлкен рахмет! Мен үйдемін! Мен оралдым!» – деп жазды ол.
Ақпан айының басында тікелей эфир барысында Абдуллаев досымен бірге қазақ қыздарын қорлайтын пікір айтыпы, оның үзінділері әлеуметтік желілерге тез тарап кеткен. Желіде наразылық толқыны көтерілгеннен кейін блогерлермен алдымен жергілікті тұрғындар кездесіп, олардан жария түрде кешірім сұрауды талап етті. Кейін жағдайға құқық қорғау органдары араласты.
Алматы полициясы тексеру жүргізді. Сот шетелдіктерді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамауға алған. Сондай-ақ оларды қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны хабарланған.