TOP-1Экономика

Мемлекеттік қарыз 36,4 трлн теңгеге жетті: Тәкиев мұны “қауіпсіз шек” деп санайды

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, елдің мемлекеттік қарызы экономика үшін қауіп төндірмейтін қауіпсіз деңгейде қалып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“ҚАРЫЗДАН БҰРЫН, ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ҚҰНЫ МАҢЫЗДЫ”

Ол жыл басындағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 22,8 пайызын құрағанын алға тартты. Бұл белгіленген 32 пайыздық шектен едәуір төмен көрінеді.

«Қазір мемлекеттік қарыздың номиналды көлемі 36,4 трлн теңгеге жетті. Алайда қарыз көлемінен бұрын, оған қызмет көрсету құнына назар аудару маңызды. Жуықта Қазақстан Қытай нарығында алғаш рет 500 млн доллар көлемінде панда-облигациялар орналастырып, қаржыны жылдық 1,9 пайыздық мөлшерлемемен тартты. Бұл – өте төмен пайыздық көрсеткіш», – деді Такиев.

МҰНДАЙ АЛЫС-БЕРІСТІҢ ТИІМДІЛІГІ НЕДЕ

Оның сөзінше, мұндай алыс-беріс мемлекетке бұрынғы міндеттемелерін анағұрлым тиімді шарттармен қайта қаржыландыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Үкімет қазіргі мемлекеттік қарыз деңгейіне байланысты қандай да бір тәуекел көріп отырған жоқ.

Сондай-ақ министр өткен жылдың соңында Ұлттық қор активтері 73,8 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Оның ішінде валюталық портфель активтері 63,9 млрд долларды құрайды.

БЕКТЕНОВ НЕ АЙТЫП ЕДІ

Еске салсақ, осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік қарызға қатысты сарапшылар алаңдаушылығына жауап беріп, Үкіметтің қарыз саясаты мен бюджет шығыстарын оңтайландыру бағытындағы ұстанымын түсіндірген болатын.

Back to top button