$ 454.98 € 509.53 ₽ 5.37
Білім

«Мектепке қазақ балаларын қабылдамай жатыр»: Алматыда жаңа мектепке қатысты шу шықты

Розыбакиев көшесінде ашылған №215 мектеп бастапқыда қазақ тілінде болатыны жоспарланған. Оқу жылы жақындағанда қала билігі “ойланып қалған”. Тұрғындар соған наразы. Алматы қаласының білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденовтен журналистер не себепті білім ордасына қазақ балаларын қабылдамай жатқанын сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

“Сол аумақта 73, 38 және 125 мектептер бар. Олар орыс тілінде оқытады. Ал 125-ші мектеп тек қазақ тілінде оқытады. Не себепті 215-ші мектепті қазақ мектебі қылмай жатырсыздар?” деп сұрады журналистер басқарма басшысынан.

Бұл сұраққа себеп болып отырған мәселе – алматылық ата-аналар жаңа мектептің толықтай қазақ тілді болуын талап етуінде. Олардың сөзінше, ашылғалы жатқан №215 мектеп көршілес үйлердегі қазақ тілді балаларды қабылдамаған. Өйткені бұл тұрғын үй мектеп аумағына кірмейді деген. Бірақ мектеп кезегінде орыс тілді ата-аналар да тұрған көрінеді. Шағынған тұрғындар олардың орнына қайтарып жіберген қазақ тілді балаларды қабылдасын дейді.

Мектепке қарама-қарсы бетте №38 Қазақстан-Ресей гимназиясы бар. Ата-аналар орыс тілінде оқығысы келетіндер “сонда барсын” деген талап қойып отыр. 

“АТА-АНАЛАРДЫҢ ТАЛАБЫН ЕСКЕРЕМІЗ”

Сайран Сайфеденов мектеп ашылған кезде ата-аналардың сұранысы басшылыққа алынатынын айтады.

“Мысалы, соңғы 12 жылда Алматыда жаңадан бой көтерген 24 мектептің 19-ы, яғни 80 пайызы қазақ тілінде болатын. Енді 215 келешектегі мектептер жобасы аясында салынған мектептер ғой. 1 қыркүйекте ашылатын 12 мектептің 9-ы мемлекеттік мектепте, ал үшеуі қарастырылуда. Мектеп ашылған кезде оқыту тілі ата-аналардың сұранысы мен қажеттілігі ескеріледі. Сондықтан, үш мектебіміз бойынша шешімді келесі аптада қабылдаймыз”, – дейді ол.

@darkhan_ardaquly

 

♬ original sound – DARKHAN ARDAQULY

АЯН ӨРІБАЙ

Аян Өрібай – журналист, Tizgin.kz ақпарат-сараптама порталының бас редакторы, Tizgin ЖШС директоры. Журналистика саласында 10 жылдан аса тәжірибесі бар. Еңбек жолын ШҚО Ақпараттық орталығында маман болып бастап, Өскемендегі облыстық «Менің Өлкем» жекеменшік газетінде тілші қызметін атқарған. Кейін Астанадағы «ҚазАқпарат» ХАА-да тілші, Ulysmedia.kz порталында арнайы тілші болып еңбек еткен. «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері.
Back to top button