“Мектеп бітіргені үшін 200 мың теңгеден жинағаны қалай”: түлектің анасы Тоқаевқа жүгінді
Алматыда мектеп бітіру кештерін ұйымдастыру төңірегінде тағы да дау шықты. 30 жылдық тәжірибесі бар қаржы маманы әрі 11 сынып оқушысының анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, мектептердегі ақша жинау мәселесіне назар аударуды сұрады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ШЫҒЫНДАРҒА ТАЛДАУ ЖҮРГІЗДІ
Оның айтуынша, ата-аналар комитеттері мен әкімшілік мектеп бітіру кешін өткізу үшін әр оқушыдан 200–300 мың теңге көлемінде қаражат жинауды талап етеді. Мұндай шығын көп отбасы үшін, әсіресе көпбалалы жанұялардың қалтасынан тебеді.
Үндеу иесі қаржы саласының кәсіби маманы ретінде кететін шығындарға талдау жүргізген.
«Мен – 30 жылдық тәжірибесі бар қаржыгермін. Бюджетті саралап, шығынды есептей аламын. Біздің мектепте әр оқушыдан 200 мың теңгеден, тіпті одан да көп ақша жиналады. Алайда ұсынылған смета ашық емес. Оның үстіне, шығындардың бірқатары оқушылар үшін аса қажет емес, олардың нақты мүддесі ескерілмейді», – дейді алматылық ана.
Оның сөзінше, мектеп бітіру кешін әлдеқайда тиімді әрі сапалы өткізуге болатын балама нұсқа ұсынылған. Алайда мектеп басшылығы мен білім басқармасы бұл ұсынысты қарастырудан бас тартыпты.
“БАЛАҢЫЗДЫ ОЙЛАҢЫЗ”
Сонымен қатар, ата-ана кез келген үнемдеу әрекетіне «балаңызды ойлаңыз» деген уәжбен жауап берілетінін айтып, мұны жасырын қысым ретінде бағалайды.
«Маған үнемі “балаңызды ойлаңыз” дейді. Солай істеп жүрмін де. Біздің балалар мектепте негізсіз ақша жинау қалыпты жағдай деген түсінікпен тәрбиеленбеуі тиіс. Ата-аналар мен оқушыларға қысым көрсетуге жол берілмеуі керек. Мерекелік іс-шаралардың шығыны ақылға қонымды болуы қажет», – деді ол.
Үндеуде білім беру саласындағы жауапты органдардың ұстанымы да сынға алынады. Әдетте білім басқармалары мектептердің ақша жинауға қатысы жоқ екенін алға тартады. Алайда ата-ана бұл пікірмен келіспейді.
«Білім басқармасы мектептің ақша жинауға қатысы жоқ дейді. Бірақ қаражат жинау мектеп ішінде, ата-аналар чаттарында жүзеге асады. Демек, бұл процеске мектептің қатысы бар. Мен Сізге “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатына сеніп, соңғы инстанция ретінде жүгініп отырмын», – деп түйіндеді ол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram