TOP-2Эксклюзив

Мәслихат депутаттарын тендерлерден шеттету керек пе – Базарбектің жауабы

Бұған дейін саясаттанушы Данияр Әшімбаев мәслихат депутаттарын мемлекеттік сатып алудан, тендерлерден шеттетуді ұсынған еді. Бұл бастама жөнінде не ойлайтынын Tizgin.kz порталы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектен сұрап көрді.

Базарбек қазір мемлекеттік сатып алуларға қатысып жатқан компаниялардың заңды өкілі немесе құрылтайшылары біршама жағдайда мәслихаттардың депутаттары болып шығатынын айтады.

“Мұны қалай түсінуге болады? Көптеген жобалар көп жағдайда жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Балабақша, мектеп салудан бастап, жол құрылысын жүргізуге дейінгі жобалардың акционері, құрылтайшылары сол өңірдің мәслихат депутаты болуы мүмкін. Иә, ол бар. Ондай жағдай орын алып отыр. Сондықтан біз мүдделер қақтығысын жоққа шығаруымыз керек. Заңға тиісті өзгертулерді енгіземіз”, – дейді Базарбек.

Оның айтуынша, қазір Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заң жобасы дайындалып жатыр.

“Мемлекеттік сатып алу барысында немесе мүдделер қақтығысы орын алса, кәсіпорын жеңімпаз атанса да, жаңа түзетулер бойынша барлық шығарылған шешімдер жойылады. Басқаша айтқанда, біз бастапқы жағдайға қайтадан келтіреміз. Яғни, мұны мен әлеуметтік әділеттілік деп есептеймін”, – дейді ол.

Back to top button