Мәскеу мэрі Мосфильмовская көшесіндегі ғимаратты дрон соққанын хабарлады. Оқиға орнына жедел қызметтер тартылған. Telegram-арналар таратқан мәліметке сәйкес, тұрғын үйдің қасбеті зақымдалып, бірнеше пәтердің терезелері сынған, деп жазады DW.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшқышсыз ұшу аппараты Мәскеудің батысындағы Мосфильмовская көшесі маңындағы ғимаратқа соққан. Бұл туралы қала мэрі Сергей Собянин дүйсенбіге қараған түні, 4 мамырда хабарлады.
«Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында қызметтер жұмыс істеуде», – деп жазды ол Telegram-арнасында.
Қосымша мәліметтерді мэр келтірмеді.
Оның хабарламасынан сәл бұрын Telegram-дағы «Осторожно, Москва», Shot, Mash және Baza арналары Мосфильмовская көшесіндегі тұрғын үйдің жанында жарылыс болғанын жазды. Олар зақымданғаны байқалатын үйдің фотосын жариялады. Shot мәліметінше, әңгіме Раменки ауданындағы «Дом на Мосфильмовской улице» элиталық тұрғын үй кешені туралы болып отыр. Astra арнасы да Мосфильмовская көшесі, 8 мекенжайында орналасқан тұрғын үй кешеніне зақым келгенін хабарлайды.
Куәгерлердің Telegram-арналарға айтуынша, оқиға салдарынан тұрғын үйдің қасбеті зақымданып, бірнеше пәтерде әйнектер сынған. Құрылыс конструкцияларының сынықтары үй маңындағы аумаққа құлаған. Ұшқышсыз ұшу аппараты соғылған Мосфильмовская көшесіндегі үй маңындағы қозғалыс жабылып, көшенің өзі қоршауға алынған, деп хабарлайды MSK1.RU басылымы.
Сергей Собянин сондай-ақ әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Мәскеуге бағыт алған тағы екі ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын хабарлады.