Геннадий Головкиннің аты украиналық «Миротворец» интернет-ресурсының базасына енуі әлеуметтік желіде қызу талқыланып басылды. Маусым айында ғана GGG «Халықаралық бокс даңқы» залына енген болатын. Көп өтпей-ақ, «қара тізімге» кіруіне World Boxing-тің (Дүниежүзілік бокс ұйымы) Ресей мен Беларусь боксшыларына халықаралық жарыстарда өз елінің туымен, әнұранымен өнер көрсетуге рұқсат берген шешімі себеп болған. Tizgin.kz бұл мақалада басқа да халықаралық спорт федерациялары бұл тұрғыда қандай ұстанымда отырғанын шолып шықты.
Бұл шешімді 30 шілдеде World Boxing атқарушы кеңесі қабылдаған. Головкин ұйымның президенті қызметіне 2025 жылғы 23 қарашада сайланған.
Мәселе қайдан шықты
Негізі Ресей спортшыларының халықаралық жарыстарға қайта оралуы World Boxing шешімінен бұрын басталған. 2025 жылғы 27 қарашада Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) ресейлік дзюдошыларға ұлттық туымен, әнұранымен жарысқа түсуге қайта мүмкіндік берді.
2026 жылғы 31 қаңтарда Дүниежүзілік таэквондо федерациясы Ресей мен Беларусь спортшыларына өз елдерінің туы астында бақ сынауға рұқсат етті.
13 сәуірде Дүниежүзілік су спорты федерациясы, 18 мамырда Халықаралық гимнастика федерациясы, 26 маусымда Халықаралық ауыр атлетика федерациясы осындай шешім қабылдады.
Дегенмен қос елді халықаралық жарыстардан әлі де шектеп отырған федерациялар баршылық. 3 шілдеде Дүниежүзілік жеңіл атлетика ұйымы Ресей мен Беларусь спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысуын шектейтін тыйымды сақтап қалды.
7 шілдеде Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей Олимпиада комитетіне қатысты санкцияны уақытша алып тастады. Бірақ бұл ресейліктер Олимпиада ойындарында ұлттық туы мен әнұранын қолдануына рұқсат берілді деген сөз емес. Тек соның алғашқы қадамы.
3 шілдеде Дүниежүзілік жеңіл атлетика ұйымы Ресейге қатысты санкциясының күшін сол күйінде қалдырды.
Осылайша 30 шілдеде кезек отандасымыз Геннадий Головкин басқаратын Дүниежүзілік бокс ұйымына келген болатын. Ұйымның Глазгода өткен кеңесінде Ресей мен Беларусь спортшыларына қатысты қалған шектеулер алынды.

Көп өтпей белгілі медиа-менеджер, қоғам белсендісі Арман Шораев Геннадий Головкиннен World Boxing шешімінің күшін жоюды талап етті. Ол әлеуметтік желі арқылы жолдаған бейне-үндеуде әйгілі Мұхаммед Әлидің өз заманында спорт мансабын тәуекелге тіге отырып, Вьетнамдағы соғысқа барудан бас тартқанын мысалға келтірді. «Ағайынды Кличколар мен Александр Усик осы әрекетің үшін бетіңе түкірмесін», – деп ескертті. Арман Шораевтың пайымдауынша, World Boxing-тің бұл шешімі Қазақстан халқын Украина мәселесінде екіге бөле түскен.Үндеудің астындағы пікірлер мен басылған «лүпілдерге» қарап, қазақстандықтардың көбі GGG басқаратын бокс ұйымының шешімін жұмсартып айтқанда, қапалана қабылдағанын байқауға болады.
Дегенмен белгілі қазақстандық боксшылар World Boxing-тің шешіміне наразы сын күшейген кезеңде бірінен кейін бірі Геннадий Головкинге сөзбен қолдау білдіріп, жазбалар жариялады. Журналист әрі спорт сарапшысы Аян Төлеген Ресей боксшыларының әлемдік аренаға қайта келуі бәсекені күшейтетінін айтты. Ол 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатында Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларына медаль бәсекесінде салмақты қарсылас қосылатынын атап өтті.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов та Ресей топқа қайта қосылғандықтан құраманың дайындық жоспарын өзгерту керек деген кеңес айтты.
Әзірге Головкиннің өзі «Миротворец» базасындағы профилі туралы ресми пікір білдірген жоқ. Ал Ұлттық Олимпиада комитетіндегілер Головкиннің «Миротворец» базасына енгізілуі комитеттің қызметінен тыс екенін еске салып, оқиғаға түсініктеме бере алмайтынын мәлім етті.
Спорттағы саясат
Бұл оқиғалар тізбегінен Ресейді үлкен спорт алаңына қайтару үрдісі Геннадий Головкин басқаратын World Boxing-тің шешімінен бұрын басталып кеткенін аңғаруға болады. Бірақ бұл бірауыздан қабылданып жатқан, жалпыға ортақ шешім деуге де болмайды. Футбол, жеңіл атлетика, үлкен теннис және шайбалы хоккей сияқты аудиториясы аса ауқымды, қаржы айналымы орасан, ірі спорт түрлерінде Ресей туы мен әнұранына салынған тыйым әлі алынған жоқ.
Бір қызығы, Ресейді қайта сапқа қосқан спорт федерациялары басшыларының ішінде «Миротворецтің» қара тізіміне Геннадий Головкин мен Умар Кремлевтен (IBA – халықаралық бокс қауымдастығының президенті, Ресей азаматы), Халықаралық семсерлесу федерациясының президенті Әлішер Усмановтан (Ресей) басқа ешкім жоқ.
Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер (Румыния), Дүниежүзілік таэквондо федерациясының президенті Чунвон Чо (Оңтүстік Корея), Дүниежүзілік су спорты федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам (Кувейт), Халықаралық гимнастика федерациясының президенті Моринари Ватанабэ (Жапония), Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Жалуд (Ирак), Халықаралық автомобиль федерациясының президенті Мохаммед Бен Сулейм (БАӘ) «Миротворец» базасында жоқ.
Ресейлік спорт менеджерлерінен бөлек Геннадий Головкиннің «Миротворец» базасына енуін оның спорт әлеміндегі беделімен, World Boxing-тен бөлек Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы екенімен, Халықаралық Олимпиада комитетіндегі Боксқа жауапты комиссияларда маңызды лауазымдар атқарып үргенімен байланыстыруға болады. Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантино (Швейцария) да «Миротворец» базасына «Ресейдің халықаралық спортқа қайта оралуын қолдаған федерация басшы ретінде кірген болатын. UEFA президенті Александер Чеферин болса Ресейдің халықаралық футболға қайтуы Украинадағы соғыс аяқталғанша мүмкін емес деген ұстанымынан айныған жоқ.