Қазақстан азаматтары EPS жүйесі арқылы Оңтүстік Кореяға қалай жұмысқа орналаса алады
Кореяға жұмысқа барғысы келетіндер нені білуі керек
Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы жұмысқа іріктеу Алматыда арнайы орталық ашылғаннан кейін басталады. Бағдарламаға 18-39 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Алайда емтиханнан өтіп, кандидаттар тізіміне ену Кореяда міндетті түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді, деп хабарлайды Tizgin.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Іріктеу қалай өтеді
Алматыда ашылатын EPS орталығында кандидаттардың корей тілін меңгеру деңгейі EPS-TOPIK тесті арқылы тексеріледі. Бұған қоса, олардың кәсіби білімі мен практикалық дағдылары бағаланады.
Іріктеу кезінде азаматтың білімі, еңбек өтілі, кәсіби сертификаттары және тест нәтижелері ескеріледі. Үміткерлер белгіленген талаптарға сәйкес балдық жүйе бойынша бағаланады.
Бағдарламаға қатысатын азаматтың:
- жасы 18-ден 39-ға дейін болуы;
- соттылығы болмауы;
- Корея Республикасынан бұрын мәжбүрлі түрде шығарылмауы;
- Кореяға кіруіне тыйым салынбауы;
- Қазақстаннан шетелге шығуына шектеу қойылмауы қажет.
Барлық кезеңнен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды төлқұжат пен медициналық тексеруден өткені туралы құжат талап етіледі.
Кандидаттың жеке профилінде оның білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тест нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні көрсетіледі. Корейлік жұмыс берушілер осы мәліметтерге сүйене отырып, тіркелген үміткерлер арасынан өздеріне қажетті қызметкерді таңдайды.
Жүйедегі ең маңызды шарт та осы: EPS-TOPIK емтиханын тапсыру және кандидаттар тізіміне ену автоматты түрде жұмысқа қабылдануды білдірмейді. Түпкілікті шешімді корейлік жұмыс беруші қабылдайды.
Қазақстаннан қабылданатын жұмысшылардың саны да алдын ала шектеледі. Жыл сайынғы квотаны Корея тарапы белгілейді.
Кореяда қанша уақыт жұмыс істеуге болады
Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін оған еңбек шартын ұсынады. Құжатқа қол қойылғанға дейін қызметкерге атқаратын жұмысы, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және шарттың өзге де талаптары түсіндірілуі керек. Екі тарап қол қойған соң еңбек шартының түпнұсқасы қызметкерге беріледі.
Кореяға аттанар алдында азамат Алматыдағы EPS орталығында міндетті дайындықтан өтеді. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін ғана ол Кореядағы жұмыс орнына жіберіледі.
EPS жүйесі бойынша жұмыс істеудің бастапқы мерзімі үш жылға дейін созылады. Заңнамада көзделген жағдайда оны тағы бір жыл он айға ұзартуға болады. Осылайша, азамат Кореяда жалпы төрт жыл он айға дейін еңбек ете алады.
Белгіленген мерзімді толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтып келген жұмысшылар үшін кейін Кореяға қайта барудың жеңілдетілген мүмкіндіктері қарастырылған.
Еңбек министрлігі азаматтарға жеке делдалдардың уәдесіне сенбеуді ескертті. «Жұмысқа міндетті түрде орналастырамыз», «іріктеуден жедел өткіземіз» немесе «кандидаттар тізіміне кезексіз енгіземіз» деген адамдарға ақша мен жеке құжаттарды беруге болмайды. Себебі ешбір делдал Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды.
Тіркеудің басталу уақыты, құжаттарды тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK тестінің мерзімі және іріктеудің басқа кезеңдері туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми ресурстарында қосымша жарияланады.