$ 441.88 € 503.61 ₽ 5.24
Жаңалықтар

Маңғыстаудағы трагедия: 12 адамның қазасы расталды. Екі адамды әлі іздеп жатыр

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпай, тәулік бойы жүргізуді тапсырды. Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Теңізге 17 адамды алып кеткен

Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Соның салдарынан 17 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен.

Олардың 12-сі қаза тауып, үш адам құтқарылды. Қазіргі уақытта тұрған жері әлі анықталмаған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнында барлық жұмылдырылған мемлекеттік органның іс-қимылы мен іздестіру-құтқару шаралары үйлестірілуде. Негізгі күш жоғалған екі әскери қызметшіні табуға бағытталған.

Іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізіледі

Қанат Бозымбаев із-түзсіз жоғалған әскери қызметшілерді іздеуге қажетті барлық күш пен техниканы жұмылдырып, жұмысты тәулік бойы үздіксіз жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық және өзге де қажетті көмек көрсету жөнінде тапсырма берілді.

Уәкілетті органдар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Үкіметтік комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару шаралары жалғасады.

Back to top button