$ 453.93 € 508.72 ₽ 5.35
Жаңалықтар

Мал сатамыз деп алдаған: Жамбыл облысында қарулы қарақшыларға үкім шықты

Үш адамды хабарландырумен алдап шақырған қылмыстық топ 13 млн теңгені иемденген

Жамбыл облысында жалған хабарландыру арқылы үш адамды алдап шақырып, олардың 13 млн теңгесін қарумен тартып алған үш тұрғынға үкім шықты. Сот оларды қарулы қарақшылық жасағаны, сондай-ақ қаруды заңсыз сақтап, алып жүргені үшін кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мал сататыны туралы жалған хабарландыру берген

Іс материалдарына сәйкес, сотталушылар мессенджерге малды шұғыл сататыны туралы жалған хабарландыру орналастырып, нақты мекенжай көрсеткен. Хабарландыруға сенген үш адам көрсетілген жерге барған. Айыпталушылар оларды Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында қаруымен қарсы алған. Шабуыл кезінде жәбірленушілердің бірі жеңіл жарақат алған.

«Сотталушылар жәбірленушілердің 13 млн теңгесін иемденіп, олардың бірінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Осыдан кейін оқиға орнынан қашып кеткен», – делінген сот хабарламасында.

Қылмысты ұйымдастырушы 12 жылға сотталды

Сот отырысында прокурор айыпталушыларға 10 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленушілер шабуыл жасағандарды кешіріп, жаза мәселесін соттың қарауына қалдырған. Олар азаматтық талап арыз бермеген.

Үш сотталушының екеуі кінәсін ішінара мойындады. Сот бұл жайтты жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ал қылмысты ұйымдастырған үшінші айыпталушы кінәсін мойындамаған. Оның бұрын сотталғаны жазаны ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сот қылмысты ұйымдастырушыны 12 жылға бас бостандығынан айырды. Қалған екі сотталушы 11 және 10 жылға сотталды.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button