TOP-2Жаңалықтар

Мәжілісте болған бұрынғы депутаттардан Құрылтайға кімдер барады

Сонымен Құрылтайдан мандат алған бес партияның бәрі өз тізімдерін жариялады. Tizgin.kz осы тізімдерді шолып, бұрын Парламентте депутат болған қанша адам Құрылтай құрамына енгенін анықтап көрді. Нәтижесінде, 145 мандат иесінің арасында 35 экс-депутат бары анықталды. Яғни Құрылтайға кіргендердің төрттен бірі бұрын Мәжіліс немесе Сенатта жұмыс істеген, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Ең көп экс-депутат «Әділет» партиясының тізімінде. Партияның 110 мандат иесінің арасында бұрын Парламентте болған 24 адам бар. Олардың 20-сы – бұрынғы Мәжіліс депутаттары, төртеуі – Сенат депутаттары. Мәжілісте болғандардың басым бөлігі VIII шақырылымда AMANAT партиясының сапында болған. Олардың қатарында Асхат Аймағамбетов, Тілектес Адамбеков, Константин Авершин, Жарқынбек Амантайұлы, Жанарбек Әшімжанов, Марат Бәшімов, Снежанна Имашева, Юлия Кучинская, Арман Қалықов, Сергей Пономарёв, Максим Рожин, Татьяна Савельева, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Үнзила Шапақ және Никита Шаталов бар. Бұлардың қазіргі мандаты «Әділет» партиясынан болғанымен, бұрынғы парламенттік тәжірибесі негізінен AMANAT-пен байланысты.

«Әділет» партиясының құрамында бұрын Сенат депутаты болған Нұрлан Бекназаров, Евгений Больгерт, Марат Қожаев және Ольга Перепечина да бар. Осылайша «Әділет» экс-парламентшілер саны бойынша бес партияның ішінде бірінші орында тұр.

Respublica партиясының Құрылтайға алған тоғыз мандатының бесеуі бұрын Мәжілісте депутат болған саясаткерлерге тиесілі. Олар – Айдарбек Қожаназаров, Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова және Нұргүл Тау. Бесеуі де VIII шақырылым Мәжілісіне Respublica партиясының атынан сайланған.

«Ақ жол» партиясының сегіз мандатының ішінде бұрын Мәжілісте болған екі адам бар – Дания Еспаева мен Олжас Нұралдинов. Екеуі де Парламентте «Ақ жол» партиясының атынан депутаттық қызмет атқарған.

«Ауыл» партиясынан Құрылтайға бұрын Мәжіліс депутаты болған Серік Егізбаев кірді. Ол VIII шақырылымда «Ауыл» партиясының атынан депутат болды.

Ал ЖСДП-ның сегіз мандатының ішінде бұрын Мәжілісте болған үш адам бар. Олар – Асхат Рақымжанов, Наурыз Сайлаубай және Ажар Сағандықова. Үшеуі де VIII шақырылым Мәжілісінің депутаттары болған.

Осылайша бес партияның мандат иелерін толық салыстырғанда, 35 экс-депутаттың 24-і «Әділет», 5-еуі Respublica, 2-еуі «Ақ жол», 1-еуі «Ауыл», 3-еуі ЖСДП партиясының атынан Құрылтайға кірген. Құрылтайға берілген 145 мандаттың шамамен 24 пайызы бұрын Парламентте болған адамдарға тиесілі.
Партиялық тарихына қарасақ, экс-депутаттардың ең үлкен бөлігі AMANAT партиясынан шыққан. Олар бұрынғы шақырылымда AMANAT атынан Мәжілісте жұмыс істеп, қазір «Әділет» партиясының мандатымен Құрылтайға өтті. Ал Respublica, «Ақ жол», «Ауыл» және ЖСДП өкілдерінің өз партияларына «адалдық танытқан».

Құрылтай депуттаты болатын 145 адамның тізімін мына сілтемеден көруге болады.

Back to top button