Майамиде Amazon жүк ұшағы апатқа ұшырап, бес адам көз жұмды
АҚШ-тың Флорида штатындағы Майами халықаралық әуежайында Amazon компаниясының Boeing 767 жүк ұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәліметке сәйкес кемі бес адам ажал құшты, деп хабарлайды Tizgin.kz dw.com-ға сілтеме жасап.
Өрт қайдан шықты
Майами-Дейд округінің өрт сөндіру қызметі мәліметінше, Пуэрто-Рикодан ұшып келген әуе кемесі қонуға бет алған кезде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, бірнеше көлікке соғылған. Салдарынан ұшақ өртенген.
Құтқару жұмыстарына 60-тан астам өрт сөндіру көлігі жұмылдырылды. Оқиға орнында зардап шеккен кей адамның көліктер ішінде қысылып қалғаны анықталған. Үш адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Өрт сөндірушілер ұшақта қалып қойған бірінші және екінші ұшқышты да құтқарды. Алайда олардың қазіргі жағдайы әзірге белгісіз.
Себебі анықталып жатыр
Әзірге апаттың нақты себебі анықталмады. Оқиғаны АҚШ-тың Федералдық авиация басқармасы (FAA) мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі (NTSB) бірлесіп тексеріп жатыр.
Flightradar24 ақпаратынша, ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кеткен сәтте шамамен сағатына 207 шақырым жылдамдықпен қозғалған.
Апаттан соң Майами халықаралық әуежайындағы барлық ұшу-қону жолағы уақытша жабылды. Әуежай жолаушыларға рейстердің кешігуі немесе кейінге шегерілуі мүмкін екенін ескертіп, нақты ақпаратты әуе компанияларынан алуға кеңес берді.
Amazon оқиға ұшақтың қону кезінде болғанын растады. Компания өкілі Келли Нантел жергілікті билік пен жауапты қызмет өкілдерімен бірлесіп, апаттың нақты мән-жайын анықтап жатқанын айтты.