Литва Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстандағы виза орталықтарын жабады
Литваның ішкі істер министрі Мартинас Кателинас бірқатар елдегі, соның ішінде Қазақстандағы виза беру орталықтарын жабу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ол бұл шешімі туралы 2026 жылғы 24 қыркүйекте Facebook-тегі парақшасында жазды.
«Мен Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, сондай-ақ Босния және Герцеговинадағы сыртқы қызмет көрсетушінің кеңселерін жабу туралы шешім қабылдадым. Бұл кеңселер шетел азаматтары мен біздің мекемелеріміз арасында делдал қызметін атқарады: Литвада тұруға ықтиярхат алуға өтініштер қабылдап, көші-қон рәсімдерін бастайды. Қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен терроризм қаупін бағалай келе, бұл елдерде мұндай өкілдіктердің жұмысын жалғастыруға негіз көріп отырған жоқпын», – деп жазды.
Оның айтуынша, елдің Мемлекеттік қауіпсіздік департаменті терроризмге байланысты ықтимал қауіптер туралы ескерткен. Сондай-ақ ведомство Орталық Азиядан келгендердің арасынан радикалды көзқарасты ұстанатын немесе терроризммен байланысы бар адамдарды анықтап жатқанын мәлімдеген.
«Сондықтан осы төрт кеңсе жабылады және жаңалары ашылмайды», – деді Кателинас.
Бұдан бөлек, министр БАҚ-қа берген сұхбатында Литваның көші-қон саясатына енгізуді жоспарлап отырған өзгерістерінің бірі шетел азаматтарына өз елінде жүріп тұруға ықтиярхат алуға өтініш беруге мүмкіндік беретін сыртқы қызмет көрсетушілерден толық бас тарту болатынын айтты.
Кателинастың сөзінше, болашақта елдің көші-қон саясаты уақытша еңбек көші-қоны қағидатына негізделуі мүмкін, деп жазады Delfi.lt.