“ЛГБТ суреті бар ойыншықтар кездесуі мүмкін”: депутат балабақшадағы ұлттық тәрбиеге алаңдаулы
Мәжілісте елдегі балабақшаларда қандай мультфильмдер, кітаптар мен көрнекі құралдар қолданылатыны мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
МӘЖІЛІСМЕН ҚОЙҒАН СҰРАҚ
Бұл туралы Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті отырысында депутат Ринат Зайыт сұрап, мәселе талқыға салынды. Депутат сөзінше, балабақшаларда «Маша мен аю» мультфильмі жиі көрсетіледі. Осыған байланысты ол Оқу-ағарту министрлігі тарапынан ұлттық тәрбие аясында мемлекеттік тапсырыспен қандай мультфильмдер әзірленгенін сұрады. Сондай-ақ Зайыт мектепке дейінгі ұйымдарда қандай әдістемелік және көрнекі құралдар қолданылатынын нақтылауды талап етті.
«Балабақшалардағы ойыншықтарға қарасаңыз, әртүрлі. Соның ішінде ЛГБТ символикасы бар ойыншықтар да кездесуі мүмкін. Мектепке дейінгі білім беру үшін бекітілген балалар әдебиеті мен көрнекі құралдар бар ма?» – деді мәжілісмен.
ВИЦЕ-МИНИСТР ЖАУАБЫ
Депутат сауалына Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бекітіліп, оның ішінде ұлттық тәрбие бағыты қарастырылған.
«Меншік түріне қарамастан барлық балабақша осы оқу бағдарламасын басшылыққа алуға тиіс», – деді вице-министр.
Ол сондай-ақ көрнекі құралдар тізімі министр бұйрығымен бекітілетінін айтты. Тізім балалардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген материалдарды қамтиды: танымал тұлғалардың портреттері, математикаға арналған құралдар, түрлі геометриялық фигуралар және басқа да оқу материалдары.