КҚК-ға шабуылдар Қазақстанға $700 млн шығын әкелді – БАҚ
Шілде айында мұнай, газ конденсаты және газ өндіру көлемі төмендеуінен Қазақстан 700 миллион доллардан астам кірістен айырылған болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шілдеде қанша тонна мұнай өндірілді
Reuters шілде айында газ бен мұнай конденсаты өндірісі маусым айымен салыстырғанда 14%-ға азайды деп жазды. Агенттік мұны Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалдаудың бірнеше рет тоқтап қалуымен қабыстырып отыр. Новороссийск аумағындағы теңіз терминалында дрон шабуылдарына байланысты танкерлер жұмысы жиі тоқтаған.
Байдильдинов мәліметінше, шілде айында шамамен 7,6 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді. Ал маусымда бұл көрсеткіш 8,6 млн тонна болған. Кейбір күні өндіріс көлемі екі есеге шейін қысқарған. Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы барреліне 87 доллар екенін ескерсек, өндірілмеген бір миллион тонна көмірсутек құны кемінде 635 млн долларға жетті. Газ өндірудің төмендеуін қосқанда шығын көлемі 700 млн доллардан асады.
Тасымалдаудағы тұрақсыздық
Дегенмен мұны нақты бюджет шығыны деуге келмейді. Бұл өндірілмеген көмірсутектер бағасы бойынша жасалған есеп.
Тамыз басында тасымалдаудағы тұрақсыздық жалғасты. Кейбір танкер иесі Ресей мен Қара Теңіз порттарына сирек кіріп отырды. Салдарынан CPC Blend маркалы қазақстандық мұнай Brent бағасынан барреліне 4 долларға арзан ұсынылған.
Айта кетейік, Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы Каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Энергетика министрлігі құбыр жүйесінің толық тоқтауы қарастырылмайтынын мәлімдеген.