КҚК-ға шабуыл: Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады
Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (ҚКК) жұмысына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Министрлік не дейді
Министрліктің мәліметінше, Қара теңіздегі қауіпсіздік жағдайына байланысты ҚКК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған. Алайда консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр және жағдай тұрақталған бойда мұнай тиеу қайта басталады.
Құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған шектеулерге байланысты мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіріс көлемін уақытша қысқартқан. Ведомство бұл шешімнің технологиялық сипатта екенін және резервуарлардың шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу үшін қабылданғанын атап өтті.
Сондай-ақ министрлік ҚКК басшылығымен, мұнай жөнелтушілермен, кеме иелерімен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, қазақстандық мұнай экспортын мүмкіндігінше тезірек қалпына келтіру бағытында тұрақты келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 21 шілдеден бастап Қазақстан мұнайын қабылдауды уақытша тоқтатқан болатын.
Қазақстанның мәлімдемесі
Осыдан бірер күн бұрын Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыры консорциумы арқылы мұнай тасымалдайтын кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптап, мәлімдеме жариялады. Ізінше Энергетика министрлігі мәлімдеме таратқан еді.
Сыртқы істер министрлігі 2026 жылдың 17 және 19 шілдесінде Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнайды заңды түрде тасымалдауға тартылған азаматтық кемелерге ұшқышсыз ұшу аппараттарының жасаған шабуылдарын қатаң айыптаған.
Осыдан кейін Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Украинаның Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылға қатысы барын жоққа шығарған еді.