Биылғы хиджаб дауы бұрынғы даулардан өзгерек. Оқушы қыздардың мектепте оранып жүргенін жақтаушылар референдум арқылы қабылданған Конституцияның талабынан туындайтын өзгеріске қарсы пікір айтса, Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдары лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Мұғалімнің қарғысы
Ведомоствоның ресми ұстанымына ашық қарсылық білдірген адамның бірі мектеп мұғалімі болып шықты. Ақыры Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың информатика пәнінен сабақ беріп келген Жарқын Әбдікәрімов Threads желісінде «Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр» деп басталатын қарғысқа толы жазбасы үшін жұмыстан қуылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының осы дауға байланысты жариялап, кейін өшірген ұстанымы дауға май құя түсті. Мүфтият «орамал» мәселесіне байланысты шариғаттың шарттарын егжей-тегжейлі баяндай келіп, Конституциядағы «зайырлылық» ұғымын өз бетінше тәпсірлеп, түсіндірген.
“Зайырлылық – дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады”, – деп жазылған мәлімдемеде.
Бұл сөйлемдер Конституцияның 33-бабының 5-тармағын еске түсіреді. Онда:
“Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие”, – деп жазылған.
Мүфтият мәлімдемесі
ҚМДБ мәлімдемесі бұл норма жеке меншік мектептерді оқушыны орамалмен қабылдаудан тыюға негіз бола алмайтынын меңзейді.
Мүфтият мәлімдемесінде балиғат жасындағы қыз баланың орамал тағып жүруі парыз екені де айқын жазылған.

“Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды, – деп айқын ұстам танытқан. Алайда кейін бұл түсіндірме ресми сайттан өшірілді.
Бұл екі кейс жаңа Конституцияның дінге байланысты баптары хиджаб дауына нүкте қоя алмағанын көрсетіп отыр. Басшысын мемлекеттік орган тағайындайтын ҚМДБ-ның ресми ұстанымы мен Конституция талабының бір-біріне қайшы қойылуы орамал дауы «маусымдық хайптан» әлдеқайда салмақты мәселеге айналып кеткенін көрсетіп отыр.
Сарапшылар не дейді
Көпшілікке дін сарапшысы ретінде танылған саясаттанушы Мейрам Иманбаев осы дауға байланысты ұзақ жазба жариялады.

“Оқу ағарту министрлігінің жекеменшік мектептерде орамал тағатын оқушыларға қатысты айтқан пікірі тым біржақты болғанын айта кету керек”, – дей келіп, көптеген діндар ата-ана оңтайлы жол ретінде жекеменшік мектептерді таңдап жатқанын айтады.
Бірақ дін саласын 10 жылдан астам уақыт бойы зерттеп келе жатқан сарапшы осы уәжіне дәлел болатын нақты статистика келтірмеген. Ал Оқу-ағарту министрлігінің ескертуін «қоғаммен қарым-қатынаста арнаулы органдарды қалқа ретінде ұстанатын риторика» деп бағалайды.
“Дін ұстанатын отбасылар мен олардың бала-шағалары да осы елдің азаматтары. Сондықтан олардың ұстанымдарына құрметпен қарап, олардың бала-шағаларының басқа да балалар секілді толыққанды білім алуларына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруымыз керек-ақ. Қазіргі күнде мұның оңтайлы шешімі жекеменшік мектептерде жүзеге асырылып отырған болса оны тек қолдау қажет. Демократиялық, құқықтық және зайырлы құндылықтары берік орныққан алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі де осының жөн екенін көрсетіп отыр.
Алайда, дін ұстанатын барлық отбасылардың өз балаларын жекеменшік мектептерде оқытуға мүмкіндіктері жоқ. Бұл қарапайым шындық, объективті жағдай. Оқу-ағарту министрлігі осы мәселені оңтайлы шешу жолын ел мұсылмандарының басын қосып отырған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесіп іздегені жөн болар еді”, – дейді саясаттанушы.
Сарапшы мемлекетке қатысты діни талаптардың негізсіз өсе беруі ақыр соңында жағымсыз бағытта өрбуі мүмкін екенін де ескертеді.
“Қалай айтқанда да, мемлекеттің қолында заң арқылы мәжбүрлеу, өз дегеніне көндіру құралы жеткілікті. Сондықтан, діни бірлестіктер мен діндар азаматтарымыз мемлекеттің зайырлылық қағидаттарына құрметпен қарап, мемлекетіміздің зайырлы құрылысы азаматтарға діни бостандықпен қатар бәріне ортақ міндеттер мен жауапкершіліктер жүктейтіндігін ұмытпағаны абзал”, – деп жазды ол.
Радикалдану стратегиясы
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры, әлеуметтанушы Талғат Жақиянов ҚМДБ-ның мәлімдемесіне пікір білдірді.

“Ақпараттық кеңістіктегі дауды қарап отырсақ, азаматтар екіге жарылған: қолдайтындар мен қолдамайтындар. Екі тараптың да айтатыны құқықтық түсіндірме. «Зайырлылық» қағидасы мен нормаларын әр тарап өзіне қарай тартып, өзінше интерпретация жасайды. Алайда бұл жерде мынадай мәселелерге назар аударған жөн. Мектеп – әлеуметтік институт. Оның атқаратын нақты функциялары бар. Білім беруден (оқыту+тәрбиелеу+дамыту) басқа мектептің маңызды функцияларының бірі – эгалитарлық функция. Эгалитаризация – теңдестіру дегенді білдіреді. Яғни, мектеп әртүрлі ортадан/отбасынан келген балалар үшін (жасанды болса да) бірдей әлеуметтік кеңістік жасап, сол арқылы білім алуға қажетті жағымды психологиялық-педагогикалық атмосфера жасау міндетін де арқаланады.
Балалардың бірінің қымбат киінуі, ал бірінің жұпыны киінуі білім кеңістігінде түрлі проблемаларды туғызады: психологиялық қолайсыздық, жікке бөліну, т.б. Бірыңғай форма мектептегі таптық жіктелу көрінісін жасырып, жағымсыз салдарлардың алдын алу үшін қолданылатын эгалитарлық құрал. Барлық баланы әлеуметтік-материалдық тең ету емес, теңсіздік көріністерін жасыру қызметін атқарады. Санасы енді қалыптасып келе жатқан періштедей жас буын өзінің және өзгелердің таптық белгілерімен бас қатырмай, білім алуы керек. Таптық маркерлерсіз өзара тең қарым-қатынас жасауы керек, өздерін психологиялық қолайлы сезінуі керек. Таптардан бөлек қоғамда әлеуметтік-мәдени қабаттар да жетерлік: 1) этникалық қабаттар; 2) діни қабаттар; 3) гендерлік қабаттар; 4) субмәдени қабаттар; т.б. Мектептің әлеуметтік кеңістігінде осындай қабаттық шекараларды болдырмау да эгалитарлық функция аясында қарастырылады. Бірыңғай мектеп формасы қабаттық маркерлерді жасырудың құралы, – дейді сарапшы.
Ғалым хиджабты қолдаушы қауымның қалауы орындалса, қалған діни көзқарас өкілдерінің де талабы пайда болуы мүмкін екенін айтады.
“Бізде ресми тіркелген 18 конфессия (діни бағыт) бар. Тіркелмегендері одан да көп. Хиджап/орамалға рұқсат беру осы ағымдардың көпшілігінің мүддесін оятады. Себебі «зайырлы» елде діндердің құқықтары тең! Діни атрибуттардың мектепте көрініс беруі исламмен ғана байланысты емес. Еліміздің солтүстік өңірінде православ сенушісі болып табылатын мектеп директоры оқушы қыздардың барлығына православ үлгісімен орамал таққызып қойған жағдайлар болған. Аралас мектептердің бірінде «сатаналық» сектаға кірген жоғарғы сынып оқушыларының «сатана» образында киініп жүргенін көргенмін бірнеше жыл бұрын”, – дейді ол.
«Домино» заңдылығы
Осы сияқты жағдайлар «домино» заңдылығымен міндетті түрде басқа ағымдар арасында да орын алатын болады, – дейді әлеуметтанушы. Сарапшы хиджаб дауын жыл сайын өршітетін топтың діни сипатына да тоқталды.
“Қалай десек те, мектепте орамал/хиджап киюді белсенді талап етіп жатқан топ – салафиттер. Олар мектептерде намазхана ашуды да талап етіп отыр. Өңірлерде жекелеген мектептерде орамал/хиджап киетін бірді-екілі оқушыға көз жұмып, үнсіз рұқсат беріп отырған басшыларды да көрдік. Оларды да түсінуге болады. Басында униформа талап еткен, діншіл ата-аналармен соттасқан. Алайда кейбір прокурорлар мен судьялар олардың өзін жазалаған. Жоғарыдағы басшылар бұған бас қатырғысы келмей, мектеп әкімшілігін проблемамен бетпе-бет жалғыз қалдырған. «Қалай шешсең, олай шеш» деген жалтақтық. Әрине, бұл жердегі басты проблема білімнің зайырлылығын нақты белгілейтін құқықтық тетіктердің әлсіздігінде. Ол – басқа әңгіме.
Міне, осы орамал/хиджапқа үнсіз рұқсат берген мектептерде енді басқа проблемалар көрініс берген. Орамал/хиджап киген оқушылардың ата-аналары мектеп кеңістігінде өз балаларына қолайлы жағдайлар қалыптастыруға кіріскен. Музыка, дене шынықтыру, көркем сурет пәндеріне қатысудан бас тартқан. Ән айтуды (соның ішінде әнұран орындауды да), би билеуді «харам» деп, мектептің қоғамдық өмірінен алшақтаған. Жаратылыстану, тарих пәндерінен өздерінің діни догматтарына сай келмейтін тақырыптарды алып тастауды талап еткен. Асханаларды тексеріп, «халал» меню талап еткен. Тағысын тағылар, – дейді ол.
Оның пайымдауынша, проблема хиджаппен ғана шектелмейді. Онымен бірге мектеп кеңістіктеріне кешенді проблема енеді деген сөз.
“Дәл қазіргі жағдайда діни атрибут ретіндегі «орамалдың» мектептерге енуі, ең алдымен, салафилік идеологияның енуіне мүмкіндік береді. Сондықтан салафизмге заңмен тыйым салмайынша, бұл мәселені қарастыруға болмайды. Орамал/хиджаптың төңірегіндегі дау-дамай елімізде «дәстүрлі мұсылмандықты» орнықтыру және дамыту керектігін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бізде әлі күнге дейін «дәстүрлі мұсылмандықтың» теологиялық және ғылыми негізделген тұжырымдамасы жоқ”, – дейді Талғат Жақиянов.
Түйіндесек, мектептердің зайырлылық стандартымен жұмыс істеу қажеттігі туралы талап Конституцияға да енгізілгенімен, ол норманы баптарын түрліше тәпсірлеп, түсіндіру тоқтамайтынын биылғы хиджаб дауы айқын көрсетті. Мемлекет те ондай бұрмалау әрекеттерін жауапсыз қалдырмайтынын қарағандылық мұғалімнің кейсі арқылы аңғартып отыр. Ал әлеуметтік желіде зайырлылық приципін қолдайтын қауымның бір бөлігі ҚМБД басшылығының әрекетін де құзырлы органдар назарға алу керектігін жазып жатыр.