Колумбияның батысында магнитудасы 7,4 болатын жойқын жер сілкінісі тіркелді. Соңғы ресми мәлімет бойынша, табиғи апаттан 111 адам қаза тауып, кемінде 87 тұрғын жарақат алған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Үйінді астында адамдар қалып қойған
Жер сілкінісі 10 тамыз күні таңғы сағат 07:34-те болды. Оның эпицентрі Чоко департаментіндегі Сан-Хосе-дель-Пальмар елдімекеніне жақын жерде орналасқан. Колумбияның геологиялық қызметі бұл елде XXI ғасырда тіркелген ең күшті жер сілкінісі екенін мәлімдеді. Ресми мәліметке сәйкес, дүмпу ошағы 103 шақырым тереңдікте болған.
Апаттан елдің бірнеше өңірі зардап шекті. Көп ғимарат қирап, тұрғын үйлерге зақым келді. Құтқарушылар үйінділердің астында қалған адамдарды іздестіріп жатыр. Осыған байланысты құрбандар саны әлі де өсуі мүмкін.
Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья елде ұлттық апат жағдайы жарияланғанын хабарлады. Оның мәліметінше, жер сілкінісінен 1575 тұрғын үйге зақым келген. Елдің батысындағы алты әуежайда инфрақұрылым бүлініп, коммерциялық рейстер уақытша тоқтатылды. Reuters мәліметінше, құтқару жұмыстарына елдегі барлық қажетті күш пен техника жұмылдырылған.
Бірнеше қалада нысандар қатты қирады
Қаза тапқандардың басым бөлігі Рисаральда департаментінде тіркелген. Валье-дель-Каука өңірінде де жер сілкінісінің салдары ауыр болды. Перейра, Кали және Манисалес қалаларында ғимараттар қирап, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына зақым келген.
Биліктің негізгі міндеті – үйінді астында қалған адамдарды құтқару. Апат болған аймақтарда төтенше жағдайлар қызметімен бірге еріктілер де іздестіру жұмыстарына қатысып жатыр.
Венесуэладағы апаттан кейінгі жаңа зілзала
Колумбиядағы жер сілкінісі көршілес Венесуэлада болған жойқын зілзаладан екі айға жетпей тіркелді. 24 маусымда Венесуэлада магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі күшті жер сілкінісі болған еді. Соңғы мәлімет бойынша, табиғи апаттан алты мыңнан астам адам қаза тапқан.
Колумбиядағы қазіргі жер сілкінісінің дүмпуі Венесуэла аумағында да сезілген. Алайда әзірге бұл елде жаңа қираулар мен адам шығыны туралы ақпарат түскен жоқ.