Көлік шығынын қалай азайтуға болады – автосарапшы кеңесі
Көлікке кетер шығынның бір ғана жағдаймен өлшенбейтіні белгілі. Айталық, жанармай, сақтандыру, тұрақ, ақылы жолдар, техникалық қызмет көрсету, шиналар, салық және айыппұлдар тағы бар, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бәрін бензиннен бастамаған дұрыс
Биыл арзан бензин құйып, болмаса жолда аз жүру арқылы ғана көлік шығынын азайтудан бөлек, басқа да әдістерді қолдануға болады. Ел аумағында көлік салығын есептеу ережелері өзгерген, міндетті сақтандыру жүйесі жаңартылды, ал жанармай бағасы әр қалада, тіпті көршілес жанармай бекеттерінде айтарлықтай ерекшеленеді.
Автосарапшы Валерий Сафонов автокөлік иесі нақты неден үнемдей алатынын және бүгінгі аз шығындалу әрекеті ертеңгі күні қалай үлкен шығынға әкеп соғуы мүмкін екенін саралап өтті.
Ең басты қателіктердің бірі – көлік шығынын тек жанармай бекеті чектерімен есептеу.
Мәселен, қазақстандық автокөлік нарығын зерттеу нәтижелеріне сәйкес, көлікті күтіп ұстаудың орташа шығыны – (жанармайсыз) жылына шамамен 289,6 мың теңге. Жанармайға тағы 164-200 мың теңге жұмсалады. Нәтижесінде жалпы шығындар жылына шамамен 454-490 мың теңге болады – бұл көліктің өз құны мен оның тозуын (құнсыздануын) есепке алмағандағы көрсеткіш. Демек, пайдалану кезінде салыстырмалы түрде арзанға түсетін көліктің өзі иесіне айына шамамен 40 мың теңгеге шығады.
Осы себепті үнемдеудің алғашқы жолы – айына бір рет барлық шығынды есептеу. Олар:
- жанармай;
- тұрақ;
- ақылы жолдар;
- КҚИ АҚЖ (ОСГПО);
- көлік салығы;
- техникалық қызмет көрсету;
- шиналар;
- жуу;
- қосалқы бөлшектер және жөндеу;
- айыппұлдар;
- егер көлік қолма-қол ақшаға алынбаса, несие немесе лизинг.
Осыдан соң ақшаңыздың нақты қайда кетіп жатқаны әлдеқайда түсінікті болады.
Қымбат бензин құю шарт емес
Биыл қазан айындағы жағдай бойынша, Алматыда АИ-92 литріне шамамен 245-255 теңге тұрса, АИ-95 – 320-329 теңге болды. Астанада бұл көрсеткіштер сәйкесінше 247–253 және 315–321 теңгені құрады. Шымкентте жанармай арзанырақ болды: АИ-92 – 234-241 теңге, АИ-95 – литріне 304-305 теңге.
Алматыда 92-ші және 95-ші бензин арасындағы айырмашылық әр литріне 75 теңгеге жуықтауы мүмкін.
Бірақ бұл бәрі бірдей АИ-92 маркасына көшуі керек дегенді білдірмейді. Өндіруші көрсеткен нақты қозғалтқыштың талаптарына назар аудару қажет. Егер көлік АИ-95-ке арналған болса, арзан жанармаймен үнемдеу детонацияға, қуаттың жоғалуына немесе жөндеуге кететін қосымша шығындарға әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ “премиум” бензин тек сапалы деп есептелгені үшін ғана оған артық ақша төлеудің де әрдайым мәні жоқ. Егер өндіруші кәдімгі АИ-92-ге рұқсат берсе, қымбат АИ-95-ке көшудің өзі үнемдеуге кепілдік бермейді.
Әуелгі ереже: көлік талаптарына сәйкесетін жанармай құйып, әртүрлі жанармай бекеттеріндегі бағаларды салыстыру. Тіпті литріне бірнеше теңге айырмашылықтың өзі бір жыл ішінде қомақты сомаға айналады.
Үнемдеудің ең оңай жолы
Аяқ асты жылдамдық алу, шұғыл тежеу және жоғары жылдамдық жанармай шығынын айтарлықтай арттыруы мүмкін. Сарапшының айтуынша, агрессивті жүргізу стилі тасжолда жанармай үнемділігін орташа есеппен 15–30 пайызға, ал жиі тоқтап-қозғалу режимінде 10–40 пайызға төмендетуі мүмкін. Қазақстан үшін бұл әсіресе көлік кептелісі көп ірі қалаларда өте өзекті.
Айталық, автокөлік орташа есеппен 100 шақырымға 10 литр жұмсайды, ал жүргізуші жылына 15 мың шақырым жол жүреді. 10 литр/100 шақырым шығынымен шамамен 1500 литр жанармай қажет болады. Егер бірқалыпты жүргізудің арқасында шығынды тым болмағанда 8,5 литр/100 шақырымға дейін төмендету мүмкін болса, онда 1275 литр қажет болады. Айырмашылық – 225 литр.
Егер шартты түрде литрін 250 теңгеден есептесек, бұл жылына шамамен 56 мың теңге үнемдеу деген сөз. Ол үшін “жанармай үнемдейтін” ешқандай құрылғы сатып алудың қажеті жоқ. Бағдаршамнан бірден қатты қозғалмау, қиылыстардың алдында газ педалін алдын ала жіберу, 200 метрден кейін шұғыл тежеу үшін қатты жылдамдық алмау, сондай-ақ қажетсіз жағдайда қозғалтқышты жоғары айналымда ұстамау жеткілікті.
Шина қысымын тексеріңіз
Дұрыс үрленбеген шиналар домалау кедергісін арттырып, жанармай шығынын көбейтеді. Сарапшының айтуынша, дұрыс қысымды ұстап тұру жанармай үнемділігін орташа есеппен 0,6 пайызға, ал кейбір жағдайларда 3 пайызға дейін жақсартуға мүмкіндік береді.
Мұнда шинаның бүйірінде ірі сандармен жазылған қысымды емес, нақты көлікке ұсынылған қысымды тексеру керек – ол әдетте есік жақтауындағы тақтайшада немесе пайдалану жөніндегі нұсқаулықта көрсетіледі.
Жүк салғышқа зат жинай бермеген жөн
Артық салмақ та отын шығынын арттырады. Сол себепті жолға шықпас бұрын көлікте үнемі не жатқанына назар аударған жөн. Ескі қосалқы бөлшектер, “керек болып қалар” деген құрал-саймандар, бірнеше канистр, бұрыннан қолданылмайтын ауыр заттар – мұның бәрін көлік отын есебінен тасымалдап жүр.
Бұл сыртқы жүк салғыштарға, бокстар мен басқа да аксессуарларға да қатысты. Егер олар нақты сапарда қажет болмаса, шешіп қойған дұрыс.