Кісі өлтірген, басқа әйелді аңдыған – Алматыда зейнеткерді сабаған адам жайлы не белгілі

Зейнеткер әйелді еш себепсіз қатыгездікпен соққыға жыққан 26 жастағы Илья Терёнов бұған дейін кісі өлтіру және денсаулыққа ауыр зиян келтіру баптары бойынша сотталған. Алайда ол небәрі 2 жылға ғана бас бостандығынан айырылған, деп жазады журналист Михаил Козачков.
Бейсенбі күні әлеуметтік желілерде қоғамдық көлік аялдамасында түсірілген видео тарады. Автобус күтіп тұрған зейнеткер әйелге жас жігіт еш себепсіз қол жұмсап, оны қолымен де, аяғымен де ұрған Бейнероликті жәбірленушінің қызы жариялап, тұрғындардан күдіктіні табуға көмектесуді сұраған. Көп ұзамай күдікті анықталды, өйткені оны жергілікті полиция бұрыннан білетін болып шықты.
“Ұсталған азамат – 25 жастағы Илья Терёнов. Ол осыдан алты жыл бұрын екі қылмыс бойынша қамауға алынған. 2020 жылдың сәуірінде Терёновтар отбасының үйіне екі ер адам басып кіріп, ақша қайтаруды талап еткен. Олар Ильяның мейрамханада жұмыс істейтін анасын 6 миллион теңге ұрлады деп айыптаған. Алайда әйел өз кінәсін мойындамаған. Дәмхана иесі мен оның туысы темір есікті ломмен бұзып кіріп, содан кейін жанжал төбелеске ұласқан. Қақтығыс кезінде Илья шабуыл жасаған екі адамға пышақпен бірнеше рет соққы жасаған. Соның салдарынан біреуі қайтыс болып, екіншісі ауыр жарақат алған. Ол көп ұзамай ұсталып, екі бап бойынша айыпталған. Бастапқыда оған 10-15 жылға дейін жаза қаупі төнген. Алайда сот барысында прокуратура айыпты қайта қарап, әрекеттерін қажетті қорғаныс шегінен асып жасалған қылмыс ретінде саралаған”, – дейді Козачков.
Сот оның өз үйі мен отбасын қорғағанын ескергенімен, шектен тыс күш қолданғанын атап өтіп, 2 жылға бас бостандығынан айырған.
Ал қарт әйелді соққыға жығу дерегі әзірге бұзақылықтың бірінші бөлігі бойынша қарастырылып жатыр. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Демек, егер тергеу барысында оның арнайы емдеуді қажет ететіні анықталмаса, Илья 2028 жылы қайтадан бостандыққа шығуы мүмкін. Айта кетейік, мұндай мәселе 2020 жылы да көтерілген болатын.
“Егер сіз оның соңғы жәбірленушіге жасаған шабуылы түсірілген видеоны көрген болсаңыз, ер адамның еш себепсіз қолымен де, аяғымен де соққы жасай бастағанына назар аударған боларсыз. Кейін маған жақын маңдағы дүкеннің бейнебақылау камерасы түсірген жаңа видео жіберілді. Бұл видеода Терёновтың басқа бір әйелді қуып жүргені анық көрінеді, алайда айналасында адамдарды байқап, бағытын өзгерткен. (Қолында банка ұстап тұрған ер адамға назар аудармаңыз – ол басты кейіпкер емес, бірақ шабуылдаушыны үркітіп жіберуі мүмкін еді). Жеке өзімде бұзақылық жасады деген күдікке ілінген адамды қоғамнан оқшаулау қажет деген ой қалыптасады, өйткені ол қауіпті. Құзырлы органдар міндетті түрде сот-психиатриялық сараптама тағайындайды деп үміттенемін”, – дейді ол.
Еске салсақ, 66 жастағы әйелге 23 сәуір күні белгісіз ер адам шабуыл жасады. Күдікті зейнеткер әйелді бас салып ұра жөнелген, содан кетіп қалған. Полиция күдіктіні ұстап, тергеу жұмыстарын бастаған. Зардап шеккен зейнеткер Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оған барлық қажетті тексерулерді, соның ішінде миға компьютерлік томография жасады.
Тексеру нәтижесінде ми қан айналымының жедел бұзылуы немесе ми жарақаты анықталмаған. Дәрігерлер жарақаттарына тиісті ем тағайындап, ұсынымдар берген. Қазіргі таңда зейнеткер әйел тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық бақылауға жіберілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқастың жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ.