Кеңес заманын ақтап, аңсайтындармен бір кабинетте отыра алмаймын – Қуаныш Бейсек
Белгілі продюсер әрі режиссер Қуаныш Бейсек кеңес заманын аңсайтын адамдармен әңгімесі мүлде жараспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Режиссер не дейді
Қуаныш Бейсек өмірде көп адаммен оп-оңай тіл табыса алатынын айтты. Алайда тек кеңес заманын жақсы көретін адамдармен әңгімесі еш жараспайтынын атап өтеді.
“Коммунистер кезінде “Ашаршылық болмаған” деген адамдармен мені ортақ ештеңе байланыстырмаса деймін. Ішкі ашуым оянып кетеді. Коммунизм үшін ғана емес, совок үшін (совет заманы) жаны күйетін адамдармен бір кабинетте отыра алмаймын. Совет одағының жасаған нәрселерін жоққа шығару үлкен мәселе болып тұр. Коммунист бол, социалист бол, бірақ “Ашаршылық пен репрессия бәрінде болған” деу біріншіден, адамның надандығын көрсетеді. Коммунист немесе социалист бола бер, жоспарлы экономиканы жақта мейлі, бірақ совет одағы соны істемейді деу надандық деп ойлаймын”, – дейді ол.
Ашаршылық жайлы
1931-1933 жылдардағы ашаршылық – қазақ тарихындағы ең ауыр қасіреттердің бірі. Кеңес билігінің күштеп ұжымдастыру, мал-мүлікті тәркілеу және көшпелі халықты зорлықпен отырықшыландыру саясаты елдің дәстүрлі шаруашылығын күйретті. Күнкөрісінен айырылған жұрт жаппай аштыққа ұшырап, тұтас ауылдар қаңырап қалды.
Ашаршылық сансыз адамның өмірін қиып, аман қалғандардың бір бөлігін туған жерінен босып кетуге мәжбүр етті. Босқындар көрші республикаларға, Қытайға және өзге елдерге үдере көшті. Отбасылар ыдырап, балалар жетім қалды. Бұл нәубет қазақ халқының санына ғана емес, тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен ұрпақ сабақтастығына да орны толмас зардап әкелді.