Кейде қызметке келгеннен кеткен маңызды – Әшімбаев Сенаттан соң қайда баратынын айтты
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік қызмет – уақытша дүние екенін, қай қызметке тағайындалса да ел мүддесі үшін еңбек етуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Сенат кулуарында Tizgin.kz тілшісі Мәулен Әшімбаевтан егер Президент жаңа қызмет ұсынса, қай бағытта жұмыс істегісі келетінін сұрады.
«Қазір еліміздің алдында үлкен мақсаттар тұр. Реформаларды жалғастыруымыз керек. Жаңа Конституция шілде айынан бастап күшіне енеді. Енді оның әрбір бабы толыққанды жүзеге асуы қажет. Қазақстан жаңа кезеңге қадам басып отыр. Сондықтан әлеуметтік салада да, мемлекеттік басқару жүйесінде де атқарылатын жұмыс өте көп. Біз енді мемлекеттік қызметте жүргендіктен қай жерде біздің әлеуетіміз қажет болады, сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. «Мен ана жаққа барам, мына жаққа барам» деген болмайды. Ол дұрыс ұстаным емес. Оны жастарға да түсіндіруіміз керек», – деп жауап берді Сенат төрағасы.
Әшімбаевтың сөзінше, бүгінде еліміздің алдында түрлі сын-қатерлер тұр. Жаңа Конституция күшіне енеді, жаңа кезең басталады.
«Құрылтайға, Халық кеңесіне жаңа адамдар келеді деп сенеміз. Өзгерістердің бәрі жақсылығымен болсын. Өмір бойы депутат болу деген шарт жоқ. Жалпы мемлекеттік қызмет деген – уақытша дүние. Мемлекттік қызметке келу бар, содан дұрыстап кету бар. Кейде сол қызметке келгеннен кеткен маңыздырақ», – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысы өтетін күн хабарланды.