Каспий жағалауында құстардың өлексесі табылды
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауынан 13 құстың өлексесі анықталды. Бұл туралы мәліметпен облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы өкілдері бөлісті, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ЗЕРТТЕУ ЖҮРГІЗІЛМЕУІНІҢ СЕБЕБІ
7 қарашада мамандар Форт-Шевченко, Қызылөзен, Аташ және Баутино аудандарының жағалау аймақтарын балық инспекциясы мен табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерімен бірге тексерген.
Анықталған өлекселер ішінде су құзғын, шағала және үйректер бар. Дегенмен, оларды жыртқыштар жеп, жұлым-жұлымын шығарулары себепті лабораториялық зерттеу жүргізу мүмкін болмаған. Инспекция жергілікті әкімдіктерге құстардың қалдықтарын жою және ветеринарлық зерттеулер жүргізуге көмек көрсету туралы хат жолдаған.
ҚАТТЫ ЖЕЛ ҚҰСТАРДЫ ШАРШАТА МА
Мамандар сөзінше,, қазір өңірде су құстарының көшуі жүріп жатыр. Әсіресе қатты желде ұшып әлсіреген құстар өліп, жағаға толқынмен ағып жетеді. Қазір құстардың жаппай қырылуы тіркелмеген көрінеді, бақылау жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Каспий жағалауынан адам әрекеті мен түрлі ауру салдарынан өлген итбалықтарды да көруге болады.