Каспий теңізіндегі итбалық өлігі: Экологтар судың ластану деңгейін тексеріп жатыр
Сарапшылар оқиға орнына барып, теңіз суының сынамаларын алды.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің мамандары Түпқараған ауданындағы итбалықтардың жаппай қырылған жерін зерттеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Экология департаментінің зертханалық және аналитикалық бақылау бөлімінің сарапшылары 13 мамырда оқиға орнына барып, теңіз суының сынамаларын алды.
«Талдау нәтижелері бойынша суда ластаушы заттар анықталмады», – деп хабарлады департамент.
Еске сала кетсек, сәуір айында Каспий жағалауынан жүзден аса итбалықтың өлігі табылғанын жазған болатынбыз. Ведомство мәліметінше, 3 қараша күні зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің қызметкерлері Ақтау тұрғындарынан теңіз жағасына шығып қалған итбалықтардың өлекселері туралы хабар түскеннен кейін оқиға орнына тексеру жүргізген.