Каспий теңізі 16 мың шаршы шақырымға тартылған: Тоқаев дабыл қақты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий экология саммитінде сөйлеген сөзінде Каспий теңізінің тартылуы аймақ елдері үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Мемлекет басшысы теңізді сақтап қалу үшін шұғыл әрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тоқаев Каспий теңізінің миллиондаған адам үшін тіршілік көзі ғана емес, Еуразиядағы аса маңызды көлік және энергетика торабы екенін атап өтті.
Президенттің пікірінше, теңіздегі экологиялық ахуалдың нашарлауы Каспий маңындағы мемлекеттердің экономикасына да елеулі қауіп төндіреді.
«Каспий – бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді», – деді Тоқаев.
Президен Каспийдегі жағдайды тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкианның пікірімен келісетінін жеткізді.