Экономика

Кәсіпкерлерге ескерту: ҚҚС бойынша қандай жағдайда айыппұл салынады

Қазақстандағы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша міндетті тіркеуге қою үшін белгіленген айналым шегінен асып, уақытында тіркелмеген жағдайда айыппұл арқалауы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті еске салды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

2026 жылдан бастап ҚҚС бойынша міндетті тіркеуге қою үшін айналымның шекті мөлшері 10 мың АЕК немесе шамамен 43 млн теңгені құрайды. Бұл шек жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін салық төлеушілерге ғана қолданылады.

Егер кәсіпкердің немесе компанияның айналымы белгіленген шектен асып кетсе, олар ҚҚС төлеуші ретінде тіркеу есебіне тұруға міндетті.

Тіркеу есебіне қою мерзімін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 269-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері – 50 АЕК.

Бұдан бөлек, салық төлеуші ҚҚС бойынша тіркеу есебінде тұруға міндетті болған кезеңде жасалған айналым үшін де айыппұл қарастырылған. ӘҚБтК-нің 275-бабының 5-бөлігіне сәйкес, мұндай жағдайда айыппұл мөлшері сол айналым сомасының 15 пайызын құрайды.

Back to top button